Оңтүстік жастары «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға құлықты. Олар жаңа бағдарламаны жатсынбай, тізімге еніп, жоғарғы білім алғысы келеді. Мақсаттары да сол. Ал осы бастаманың жетекшісі Мұрат Әбенов мақсатқа жету үшін жастарға барлық жағдай жасалғанын алға тартып отыр.
Ақтоты Жанұзақ осы бағдарлама арқылы білім грантын жеңіп алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 70-тен жоғары балл жинаған бойжеткен мұндай сыйды күткен жоқ. Енді Ақтоты Орал қаласында оқиды.
Ақтоты Жанұзақ, студент: «Мен өте қуаныштымын, қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Себебі, мемлекеттік білім грантынан сүрінген соң, оқуға түспеймін ғой деп ойлаған едім. Енді, міне, арнайы бағдарламаның көмегімен білім грантын жеңіп алдым. Бұл бағдарламаны алғашында ата-анаммен құжат тапсыруға келгенде білдім. Ата-анам келісім берді, мен қатыстым, өзге де талапкерлерге айтарым — үмітіттеріңді үзбей қатысыңдар.»
«Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін педагогикалық мамандықтары бар 7 жоғарғы оқу орнына арнайы 1050 грант бөлінген. Ал 23 колледжде білім алу үшін 35 мамандық бойынша 1000 грант қарастырылған. Бүгінде мұның жеңімпаздарының есімі де белгілі.
Мұрат Әбенов, «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы республикалық кеңесінің төрағасы: «Бірінші кезекте оқу тегін, екінші кезекте үш мезгіл тамақ береді. Оқу орнын аяқтаған соң, жұмыспен қамтамасыз етеді. Мамандықтар да өте жақсы, қоғамдағы тапшы мамандықтар. Мысалы, сұраныс бар мамандықтарды тәмамдаса, бірден жұмыс табады. Және айлығы өте жоғары. Қазір геодезия деген мамандық бар, 11-сыныптан кейін колледжде 2 жыл оқиды. Содан соң 100 пайыз кепілдігімен адам жұмысқа орналасады және алғашқы жалақысы — 250 мың теңге. Тіпті 500 мың теңгеге дейін айлық алады. Әрине. жоғарғы оқу орнын бітіргенше, колледж бітірген де жақсы.»
Бағдарлама бойынша білім алғандар қызметке тегін және сол сәтте орналастырылады. Бұл бастама жұмыссыздардың санын азайтуға үлесін қосады деп күтілуде. Айта кетейік, күнгейдің 540 жасы «Мәңгілік ел жастары — индустирияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша студент атанып үлгерді.