15-қыркүйек — Асанбай Асқаровтың туған күні

2016

Жылдың барлық мезгілінде Дендрарий бағына барып, жанға сая табатындар көп. Ал мереке күндері балаларыңызды түрлі жануарлары бар зообаққа жетелейсіз. 15-қыркүйек — дәл осы бақтарды шымкенттіктерге сыйлаған тұлғаның туған күні. Тындырылған тірліктерімен таңқалдырған, ерен еңбегімен ерекшеленген Асанбай Асқаровты көзін көргендер мен жастар еске алды.

Ұлы адамдар өз тұлғасының тұғырын өзі соғады, ал ұрпағы оған тек ескерткіш қояды. Асанбай Асқаров өз тұлға­сын өзі жасаған, сөйтіп, көсемдік биік деңгейге көте­рілген азамат. Мемлекет және қоғам қайраткері 1978 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен. Сол сәттен бастап Шымкент қаласының орталығын безендіруге атсалысты. Көпқабатты сәнді үйлер бой көтерді. Дәл осы жылы №3 жылу-энерго орталығы да салынды. Өзінен бастап қарамағындағылардың барлығына талап қойды, орындады, орындатты.

Исмат Тұрсынқұлов — Асанбай Асқаровтың көмекшісі. 1978 жылдан 1980 жылға дейін екі жыл қызмет көрсеткен. Басшысының білімпаздығы, зиялылығы, рухының биіктігі, өрісінің кеңдігі, сауаттылығы оған көп нарсе үйреткен. Әлі күнге дейін басшысының еткен еңбегіне бас иіп, оның отбасымен тығыз араласып тұрады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IsKekZ32u8Y[/youtube]

Исмат Тұрсынқұлов, А.Асқаровтың көмекшісі: «Екі жыл Асанбай ағамыздың көмекшісі болдым. Менен кейін ол кісіге әр жылдары Жармахан Тұяқбаев, Жеңісбек Мәуленқұлов, Әбдіқадыр Мәмбетов көмекші болды. Бәлкім, сосын да шығар, ел мені Асқаровтың №1 көмекшісі деп жүргені. Жалпы, басшы ретінде Асанбай ағамыз өте сауатты, көп қырлы азамат болатын. Ол кісі барлық саладан хабары болуымен ерекшеленетін.»

Хайуанаттар бағы және дендрарий бағы — Асанбай Асқаровтың басшылығымен тақыр жерде пайда болған бақтар. Бүгінде жұмыс істеп жатқанына 35 жыл толған зообақта 1600-дей жануар бар. Ал қасындағы денрарийде алғашқы жылдары 500 ағаш өскен болса, қазір оның саны он есе көбейген. Әрі онда әлемнің әр түпкірінде өсетін жасыл желектің бір жарым мыңнан астам түрі кездеседі.

Қазақтың бітуар азаматының атында Шымқалада екі көше бар. 1200-дей бала білім алатын №77 мектеп-лицей қайталанбас ер тұлғаның атымен аталады. Білім ордасында Асанбай Асқаров атындағы мұражай жұмыс істейді.

Ілияс Макаев, №77 А.Асқаров атындағы мектеп-лицейдің директоры: «Мұражай 2005 жылы ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Асқаровтың жұбайы келіп, өзі қолданған дүниелерді тарту етемін деп уәде етті. Уәдесінде тұрды, біздің мұражайға баға жетпес құндылықтарын сыйлады. Өзі салған суреттер, киген костюмі, отбасылық фотосуреттерін, өзі қолданған заттарын берді.»

Оңтүстікте Асанбай Асқарұлының есімін иемденген екі бала бар. Бірі — Бәйдібек ауданының тумасы. Биыл 10 жасқа толған кішкентай Асанбай әр жылы атасының мұражайына келіп, оның жүріп өткен еңбек жолымен танысады. Мұндағы мақсаты — ел азаматы атану, білімді болып ер жету.

Асанбай Асқарұлы: «Үлкейгенде Асанбай ата секілді атақты болғым келеді. Сол үшін сабақты жақсы оқу керегін білемін. Күнделігім беске толы. Үлкейгенде Асанбай атаның атындағы көшелерді көбейткім келеді.»

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірден озғанына 12 жыл толды. Ол тірі болғанда бүгін 92 жасқа толар еді.