Оңтүстікте инклюзивті білім беру жүйесі 10 пайыз ғана орындалған

Инклюзивті білім беру жүйесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы — көш соңындағы аймақтардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жай мектепке оқыту жүйесінің қолға алынғанына өңірімізде 3 жылдың жүзі енді болды. Шымкенттің өзінде тілі мүкіс балалар мен жүріп-тұруы қиын оқушыларға дәріс беретін білім ордалары саусақпен санарлық.

Инклюзивті білім беру

Рамазан Сыражиддин — 1 сынып оқушысы. Физикалық шектеулеріне қарамай балақай сыныптағы алғыр шәкірттердің бірі. Мұғалімнің үйреткенін лезде қағып алып, айтқанын екі етпейді. Жүріп-тұруындағы аздаған кедергілерді елемесеңіз, 12 мүшесі сау баламен тең дерсіз.

Шымкенттегі Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектепте мүмкіндігі шектеулі осындай 201 бала 5 бағыт бойынша тәлім алады. Олар жүріп тұруы қиын балалар мен тіл кемістігі бар және психикалық ой-өрісі кеш дамыған балалар болып бөлінеді. 3 жылдан бері осы санаттағы балаларды оқытып келе жатқан мектепте 3 баланың жағдайы жақсарып, жай балалардың сыныбына көшкенін айтады.

Инклюзивті білім беру

Жанна Мадиярова, мектеп директорының орынбасары: «Бастапқыда жай сыныптардағы балаларда түсінбеушілік болды. Неге мұндай балалар бізбен оқиды деген сияқты. Дегенмен, біз олармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазір он екі мүшесі сау оқушылар бұл балаларға көмектесіп отырады. Негізінен, мұндай санаттағы балаларға ұрыспаймыз, айтпаймыз, сен істеген жоқсың деп шеттетпейміз. Біраз уақыттан соң басқа балаларға қарап, өзі қайтадан сабағына, жаттығуға кірісіп кетеді. Жай сыныптармен салыстырғанда мұнда сабақ өту әдістемесі бөлек. Бұл сыныптарда ерекше. Әр баламен  ерекше жұмыс істейміз.»

Облыс бойынша кәмелет жасына толмаған 40 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі баланың 30 мыңдайы мектеп жасында. Соның ішінде 3 мың бала ғана инклюзивті білім беру жүйесі бойынша тәлім алады екен. Яғни, жалпы көрсеткіш — 10 пайыз ғана. Республика бойынша көштің соңында келе жатуымыздың себебін мамандар былайша түсіндірді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YLw3VAIh3Tc[/youtube]

Шарбат Шырынбекова: «Аудандық мектептердің көбісінде қазір ыңғайластырылған жағдай толық жасалып біткен жоқ. Бұл балаларды мектепке қабылдауға бірінші кедергі сол. Екінші кедергі — аудандарда, жергілікті жерлерде қажетті жағдайда, қажетті дәрежеде қаржы бөлінбеуінің есебінен арнайы сыныптар ашылмай жатыр. Соның салдарынан республикада біздің дәрежеміз төменгі көрсеткіште.»

Дегенмен, мамандар инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға барымызды салып жатырмыз дейді. Ол үшін жан-жақты жұмыстар да жасалып жатыр. Тиісті жұмыстар жасалса, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 пайызға жеткіземіз деген ниет бар.