«Жәрдемақыны толық бермейді»: Ата-аналар шымкенттік шенеуніктерге наразы

38

Шымкентте ерекше балалардың ата-аналары шу шығарды. Ашынған аналар жауапты департамент басшысының кабинетіне баса көктеп кірді. Айтуларынша туа бітті тағдыр тәлкегіне түскен перзенттері үшін жарытып жәрдемақы алмайды. Бірақ, еліміздің өзге өңілерінде мүгедек балаларға бөлінген қаржы толығымен ата-аналарына беріледі дейді. Бас көтеріп, жиналғандарды қынжылтатыны да осы.

«Баларымыздың жәрдемақысы толық берілмейді». Шымкентте ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар шағымын айтып Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің алдына жиналды. Айтуларынша, қазір балаларының денсаулығына байланысты ғана қаржы аударылады. Ал бала күтімі үшін берілетін ақшаны департаментегілер бермей отыр дейді.

Айсұлу Байғараева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осындай заң бар екен. Ұсталады екен. Неге ол заң тек қана Шымкентте ұсталады? Неге ол заң Алматыдан ұсталынбайды, Қызыорда да ұсталынбайды. Не үшін бізді осылай сандалтып жатыр?».

Ата-аналар күтімге берілетін ақшаны 10 жылдан бері ала алмай келеді. «Егер жәрдемақы толық берілсе, қамкөңіл ұл-қыздарымызды шетелге емдетіп үміт сыйлайтын едік. Себебі, біздің балаларымызға ел медицинасы көмек көрсетуге қауқарсыз. Ал шенеуніктерден көмек сұраса, ауыз аштырмай, тіпті, балаларың оқитын арнаулы мектепті жауып тастаймыз деп те қоқан-лоққы көрсетеді», – дейді.

Әйгерім Имашева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Президенттік сайлауға дейін келіп арыз жазып, өтініш жасап едік. «Сайлау өтсін, сендердің бар айтқандарыңды істейміз, көмектесеміз, ондай нәрсе болуы мүмкін емес деп, барлықтарына уәде береміз деп өлтіріп тұрып ұстап отырды. Ал қазір бәрі өтті, тынышталды енді не істесеңдер де оны істеңдер деп мына хатты беріп алып. Кім айтады оны? Втэк басшылары».

Осылай деген ата-аналар Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының кабинетіне баса көктеп кіріп, мән-жайды тағы да білмек болды. Ал жауапты шенеунік өзге өңірдегі ахуалда шаруам жоқ деп басын ала қашты. Бірақ тиісті комитет төрағасына проблеманы көтердім деп ақталды кейіннен. Олар ережеге сай жұмыс істейсің деген бір парақ жауапта қайтарыпты. Десе де, сол жерде отырып депутаттарға хабарласып, мәселені шешейік дегендей сыңай танытты.

Бақтияр Өнербаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Осы заң шеңберінде. Бірақ, ол заңда қатып қалған ештеңе жоқ. Тағы да өзгертуге болады деп ата-аналарға айтып отырмын. Жолы бар, сондықтан бірлесе депутаттарға шығайық, депутаттық инсативамен бұйрыққа немесе заңға өзгеріс енгізейік, 24 сағат ішінде интернатта болып жатқан жоқ. 5-6 сағат болады. Қалған сағатта бұл кісілердің қамқорлығында болып отыр».

Ашуға әбден булыққан ата-аналар бұл істі бұлай қалдырмаймыз дейді. Егер жақын арада проблема шешім таппаса, мүкіндігі шектеулі балаларын алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне барып шағымданамыз деп отыр.