Тыл ардагерлерін құрметтеп жүрміз бе?

Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша жағдай жасалған. Дегенмен соғыс жылдарында тылдағы қиындықты қабырғасы қайыспай көтерген бір қауым ел барын ұмытпаған абзал. Оның үстіне Ұлы Жеңістің жақындауына тыл ардагерлерінің сіңірген еңбегі орасан зор. Шынын айту керек, Оңтүстік жұрты Шымкенттегі Абай саябағында орнатылған Мәңгілік алау монументінің тыл еңбеккерлеріне де арналып қойылғанынан хабарсыз.

39-020

Ескерткішті орнатқан кім?

Бұл монумент Абай саябағына 1982 жылы қойылыпты. Оны шымкенттік архитектор Иван Рыжковтың жобасымен, алматылық мүсіншілер Марат Әйнеков және Анатолий Андрущенко жасаған.

Өкінішке қарай, Иван Рыжков қазір арамызда жоқ. Алайда қалада оның қызы Алена Рыжкова тұрады екен. Аленаның айтуынша, әкесі бұл ескерткішті бір-біріне сүйеніп тұрған екі мылтық образында жасаған. Қалған авторларды іздеу қиынға соққан жоқ. Ғаламторда олар туралы мәлімет жетіп артылады. Қызығы, мүсіншілердің бірі – Марат Әйнеков соғыс басталған күні туылыпты. Яғни, 1941 жылы 22 маусымда. Бүгінде ол еліміздегі ең мықты мүсіншілердің бірі.

39-021

 

Марат Әйнековтің қолынан шыққан дүниелер Мәскеу («Абай Құнанбаев» 2006 жыл), Түркия («Ататүрік») және басқа да шет елдерде қойылған. Елімізде Мараттың 21-ден астам туындысы бар. Өкінішке қарай, Мараттың туындыларының тізімінің қатарынан Шымкенттегі Даңқ монументін көре алмадық. Десек те, екінші автор – Анатолий Андрущенконың еңбектерінің қатарынан табылғанына қуандық. Бүгінде мүсінші Украинаның Львов облысындағы Миклашев ауылында тұрады екен. Жасы 67-ні алқымдаған ақсақал мүсінші Алматыдан батыс Украинаға 90-шы жылдардың басында қоныс аударған. Міне, осылайша біз саябақтағы Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алау монументі «Соғыс және тыл ардагерлеріне» арнап қойылғандығын білдік. Ендеше, қала әкімдігіндегілер Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Даңқ мемориалындағы жазуды жаңартса деген тілегіміз бар.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014