Үздік таксопаркті анықтайтын байқау

Уақыт үнемдеу алдыңғы қатарға шығып, қала мәдениетінің қалыптаса бастауы заңды тасымал қызметін ұсынатын таксопарктер санының молаюына алып келді. Адамдардың межелі жеріне жария таксимен жетуді, өзінің және өз жақындарының өмір қауіпсіздігін кепілдендірілген такси қызметіне сеніп тапсыруды құп көруі себепті бұл қызмет түріне деген сұраныс артты.

Нәтижесінде қаламыздағы таксопарктердің саны көбейді. Таңдау ұлғайды. Ұдайы жария таксиді пайдаланатын жолаушылардың да өз көңілінен шығатын таксопарктерінің тізімі пайда бола бастады. Діттеген орнына жолай тоқтаған көлікпен жетіп алып жүргендіктен заңды таксиге әлі де жатырқай қарайтындар бар.

Осы ретте қала күні мерекесіне орай «Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттері «Такси-13» байқауын ұйымдастырып отыр. «Такси-13» байқауына қалалық әкімдік пен облыстық жол полициясы басқармасы қолдау көрсетті. Мақсат – жолаушыға жылдам әрі сапалы қызмет көрсететін үздік таксопаркті анықтау.

Байқау бес турдан тұрады. Әр турдың әртүрлі сынақтары бар. Бұған дейін екі тур өткізілді. Байқауға қатысуға қаладағы 10 таксопарк тілек білдірді.

Бірінші турда Н. Төреқұлов көшесі 15-үйде орналасқан «Отырар» медиахолдингінің ғимаратынан қаладағы он таксопарктің телефон нөмірлеріне бір мезгілде қоңырау шалынды. Сынақ талаптарына баға беру осы қоңырау соғылған сәттен басталады. Алдымен диспетчердің телефон қоңырауына қанша уақыт аралағында жауап беретіні есептелді. Одан кейін диспетчердің қай тілде жауап беретіні, яғни қазақ, орыс тілдерінде сөйлесе білуі тіркелді.

Қоңырау шалған мезетте жарысқа қатысуға тартылған он таксопарктің екеуі байқауға қатысудан бас тартатындарын айтты. Осылайша «Сигма» мен «Орион» таксопарктері конкурстан шығарылды. Қалған: «Оскар», «Дива», «Джетта», «Айсұлу» мен «Арман», «Мобилок», «Такси-такса», «Тұлпар» және «Сити» таксопарктері байқауға қатысуға келісім берді.

Бірінші турда сегіз таксопарктен редакция мекенжайына такси шақыртылды. Шақыртылған таксилердің келіп жету уақыты, жылдамдығы есепке алынды. Одан кейін сыртқы және ішкі тазалығына баға берілді. Безендірілуі де назардан тыс қалмады. Алғашқы екеуіне уақыт пен жылдамдық өлшемдері қойылса, кейінгі үшеуіне 1 ұпайдан 10 ұпайға дейінгі аралықта балл қойылды. Жылдам жеткенімен жеңіл көліктің ішкі және сыртқы тазалығынан олқылық шыққан жағдайлар жиі болды. Әсіресе жеңіл көліктердің басым бөлігі сыртқы тазалығынан ақсап жатты. Айтпақшы, байқауға шақырылған жол-патрульдік полициясының қызметкерлері жеңіл көлік пен жүргізушінің сәйкес құжаттары түгел болуын тексерді. Сондай-ақ, «Айсұлу» таксопаркінің жеңіл көлігін әйел жүргізуші басқаратыны байқаудың қызығын артыра түсті.

Жарыстың бірінші туры осындай сынақ түрлерімен аяқталды.

Екінші турда такси жүргізу-шілерінің жолаушыны діттеген орнына жаңылмай, жылдам әрі оңай тауып баруы сыналды.

Бұл үшін алдымен қаладағы табуға қиын, жұртшылық біле бермейтін мекенжайлар іріктелді. Барлық мекенжайлар редакция аумағынан бірдей радиустағы қашықта орналасқан. Әр мекенжайға бір-бірден редакция қызметкері барып тұрды. Ішіне мекенжай жазылған тілдей қағаздар мұқият бүктеліп, такси жүргізушелірінің таңдауына ұсынылды. Әр жүргізуші жасырын мекенжайлардың бірін таңдады.

Діттеген орынды көзді ашып-жұмғанша жаңылмастан тауып барған таксилер де, сондай-ақ таппай қайтқан таксилер де болды.

Алда тағы үш тур бар. Ол турларда такси жүргізушілерінің мәдениеттілігі, кәсібилігі мен түрлі оқыс жағдайларда сабыр сақтап, ақылмен әрекет ете білуі сынды қабілеттері бағаланады. Мысалы, жеңіл көлік ішіндегі жолаушының денсаулық жағдайы шұғыл нашарлап, медициналық көмек қажет болған жағдайда жүргізушінің алғашқы медицианалық жәрдем беруі, жолаушы тарапынан агрессиялық әрекеттер байқалған жағдайда қалыпқа сай әрекет етуі сияқты тапсырмалар болады. Жүргізушінің жол қозғалысы ережесін қаншалықты білетіні де анықталып, сынға түседі.

«Отырар» телеарнасы алдағы уақытта осы «Такси-13» байқауының реалити-шоуын эфирден көрсетеді. Сол себепті де екі турда қай таксопарктің үздік шыққаны әзірге жасырын ұсталып отыр. Байқауда үздік шыққан таксопарктер 18-қазан Қала күні мерекесіне орай өтетін іс-шарада жария етіледі. Таксопарктердің қатысуымен флэшмоб ұйымдастырылады.

Жәнібек НҰРЫШ

Суреттерді түсірген – Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014