70 жылдан соң сүйегі елге жеткізілді

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып, хабар-ошарсыз жоғалған жауынгер Қасымбек Нұрсейітовтің сүйегі араға 70 жыл салып, өз Отанына жеткізілді. Осыған орай өткен жұмада Шымкенттегі «Даңқ» мемориалында еске алу шарасы болып өтті. Оған жауынгердің туыстары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен генерал С.Рахимов атындағы әскери училище курсанттары, қала жастары мен тұрғындары қатысты. Бірақ бұл шарадан биліктегілерді байқамадық.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FLvwvF_HSoU[/youtube]

41-033

«Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң қазақ сарбазының сүйегі кіндік қаны тамған жері Төлеби ауданы, Қарақия елді мекеніндегі зиратқа жерленді.

41-037

Жауынгер Қасымбек Нұрсейітов 1925 жылы туған. Құжатына 1922 жылы дүниеге келген деп жаздырып, небары 17 жасында елін қорғау үшін соғыс майданына аттанған. Алты ай әскери дайындықтан өткен жауынгер 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 23-ші атқыштар батальонында танк взводының командирі ретінде көптеген шайқастарда ерлік көрсеткен.

41-036

Қасымбек Нұрсейітов дүниеге келген жер шағын ғана елді мекен болған. Ол жерден соғысқа 60 сарбаз аттанып, оның тең жартысы елге оралмаған. Жауынгер Қасымбек Нұрсейітов те солардың қатарында болған. Ол 1944 жылдың 24 қарашасында Латвияның Ауценск уезінде қаза табады. Алайда содан бері қазақ сарбазының сүйегінің қайда жатқаны туралы хабар болмаған. Тек 2014 жылдың сәуір айында Латвиядағы «Легенда» деп аталатын іздестіру жасағы Қасымбек Нұрсейтіовтің сүйегін тапқаны туралы Қазақстанға хабарлаған. Содан кейін Отанын дұшпан оғынан қорғаған батырдың туыс бауыры Төребек Айтбаевтың бастамасымен екі ел арасында хат жазылып, арнайы делегация Латвия еліне аттанады. Содан Салдус ауданы, Зварде аймағынан қазақ батырының сүйегі елге әкелінді. Іздестіру жасағындағылардың айтуынша, бұл аймақта талай батырдың сүйегі жатыр екен. Тек олардың аты-жөндерін анықтау қиынға соғып жатқанға ұқсайды. Есімі анықталмаған сарбаз сүйектері Риганың шығыс жағындағы әскерилер қаза тапқан жер Ропажи деген қаладағы зиратқа жерленеді.

41-035

Лейтенант Қасымбек Нұрсейітовтің аты-жөнін анықтауға оның алюминийден жасалған тарағының септігі тиіпті. Айта кетейік, арнайы жасақ 70 жыл жат ел жерінде жатқан қазақ ұлының сүйегімен бірге сарбаздың тарағын тапқан. Онда «1944 жыл. 11 маусым. Нұрсейітов Қасым» деген жазу жазылған. Майдангер туыстарының айтуынша, сарбаз Қасымбек тараққа бұл жазуды қаза болардан 5 ай 15 күн бұрын қашап жазған.

41-034

Айта кетейік, сұрапыл соғысқа 1 млн 200 мыңдай қазақстандық аттанған. Оның 410 мыңдайы сұрапыл соғыстың құрбаны болса, 125 мыңдайы хабар-ошарсыз кеткен. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының 140 мыңдай азаматы қан майданына қару алса, оның тек 43 мыңы елге оралған. 100 мыңнан астам азаматымыз қиян-кескі шайқас орын алған Еуропа даласында қаза болып, Отанға оралмаған. Өкініштісі бүгінде майдангерлердің тек 500-ден астамы ғана арамызда жүр.

 Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014