Ұрпағы жалғасқан Байзақ әулеті

190

Ұлы Отан соғысы талай елдің «Елім» деген азаматтарынан айырды. Аналар жесір, балалар жетім қалды. Ұлы Отан соғысы мәңгі тарих қойнауына енді. Бүгінде бұл сұрапыл соғыстың аяқталғанына ғасырға жуықтаса да, бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан қаншама адам қолына қару алып, елін, жерін, туғанын жаудан қорғап, Отаны үшін жанын бергендіктен, бұл соғыс ұмытылмастай ізін қалдырды.

Сұрапыл соғыстың зардабы тимеген отбасы жоқ. Сол сұрапыл сұм соғысқа менің атам Өмірбеков Мұрат 1941 жылы аттанған екен. Өмірбеков Мұрат 1922 жылы Чимкент облысы (сол кездегі), Сайрам ауданы, Кепе – Сарай ауылында (қазіргі атауы Шапырашты ауылы) дүниеге келген.

Өмірбек Байзақтың ағасы. Өмірбектен ұрпақ қалмаған. Байзақтан Мұрат, Сатан қалған. 2-3 перзенті шешек ауруынан қайтыс болған. Айша әжеміз Байзақтың үлкен ұлы Мұратты бауырына басып, тас емшегінен сүт шыққан екен. Мұрат атамыз білімге құштар болған, өз еркімен білім қуып, ол кездері оқу орындары аз болған, көпшілік қазақ халқы оқи бермеген, өйткені білім орыс тілінде болған. Сол уақытта Георгиевкада (қазіргі атауы Көксәйек елдімекені) оқу бітіріп, ауылда алғашқы мұғалімдердің бірі болып жұмыс жасаған. Соғысқа аттанарда 19 жаста болған екен, ол соғысқа өз еркімен аттанғанын әжелеріміздің әңгімесінен білеміз. Жаңадан үйленген жары қарт әжесімен қалған. Әжеміз Айшаға Мұрат соғысқа кетерде інісі Сатанның (менің әкем) қолына барып отыруды тапсырған екен.

Ұлы Отан соғысы дүниежізілік тарихта ойып орын алған сұрапыл соғыс болды. Мұрат атамыздан бір қыз анасының жатырында қалған екен. Қазір ол апамыз биыл 80 жасқа келді. Атын әжелеріміз ырымдап Аманқыз деп қойыпты. Мұрат атамыз соғысқа кеткелі 13 рет хат жазғанын айтады. Содан хабарсыз кеткен. Соғыста Мұрат атамыздың білімділігінің арқасында комбат (командир батальона) болғанын соғысқа бірге кеткен ауыл азаматтарының ішінде Роман атамыз айтып еске алатын. Ол Мұрат атамызды соңғы рет Германияда Берлин қаласында концлагерде көргенін, тұтқынға бірге түсіп қалғанын, ары қарай бомбалау кезінде адасып қалғанын еске түсіріп айтқан.

Әкем Сатан қос Ананы қарап, соғыс жылдары колхозда трактор айдағанын, ол кезде жасы не бәрі 16 да болғанын жиі айтатын. Әр кез ағасын еске алып, көзіне жас келуші еді. Қара қағаз келгенде әжелеріміздің еңіреп, есеңгірегенін ауыр күрсініп еске алатын. Ағасынан қалған жалғыз тұяқ қарындасын қызғыштай қорғаштап, оның білім алуына, жақсы тәрбие алуына әркез қамқорлық танытқан. Оның қайсарлығын, білімділігін ағасына ұқсатып, мақтанып айтып отыратын. Сатан әкемізден ағасы туралы көптеген естеліктерді естіп өстік, Мұрат атамызды біз мақтан тұтамыз.

Жалғыз қызы Аманқызды әкеміз Сатан Шымкент қаласына интернатқа түсіріп, ары қарай жоғарғы инженерлік мамандығы бойынша институтқа түсірген. Кейін тұрмыс құрып, филология факультетін аяқтап, мқғалім болған. Аманқыз апамыз әкесінің сүйегі қайда екенін іздестіріп, оны жауабын тапқаннан кейін, әке рухына тағзым етіп, құран бағыштады. 1941 жылы Сайрам ауданының комиссариатымен соғысқа аттанғанын, кейін 1944 жылы тамыздың 8 –ші күні тұтқындалып, Германияда Берлин қаласында Шталаг XI – концлагерінде (кладбище III, блок 1 ряд 18) жерленгені анықталды. Шымкент қаласында «Даңқ» мемориалына енгізілген.

Соғыс жайлы бала кезімізде кинолар көріп, фашизмнің адамзатқа тигізген ауыр салдарын елестетіп, мектеп кезінде соғыстан қайтқан ата-бабалардың әңгімесін естіп өстік. Талай боздақтарынан айрылған аналардың көз жасын елестету мүмкін емес. Еріксіз ойға мына шумақтар оралады:

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі таңда қаншама елде елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату – тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл Тәуелсіздік менің Отаныма берілген Тәңірдің сыйы. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Батырлардың ұрпағы бейбіт өмірдің жаршысы болып жүре берсін! Бейбітшілік жасасын!