Ербол САДЫР, ОҚО әкімінің орынбасары
Ербол САДЫР, ОҚО әкімінің орынбасары
Ербол САДЫР, ОҚО әкімінің орынбасары

– Ербол Әбілхайырұлы, облыстың басқару жүйесінде біраз өзгерістер орын алғанын білеміз. Облыс әкімдігіне қарасты 22 басқарманың тек 17-сі жұмысын жалғастыратын болды. Мұндай өзгеріс жасауға негіз болған не нәрсе?

– Өздеріңіз білесіздер, 6 тамызда Елбасының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген жиыны өтті. Сол жиында Президент басқару жүйесін оңтайландыру жөнінде тапсырма берді. Соған сәйкес елдегі министрлік пен агенттіктер қысқарып, кей ведомстволардың функционалдық міндеттеріне қосымша жауапкершіліктер жүктелді. Бұл тапсырма жергілікті атқарушы органдарға да берілді. Осыған орай атқарушы билік бұл мәселені саралап, талдап шыққан соң басқару схемасына жаңа өзгерістер енгізді.

Жеке-жеке тоқтала кететін болсам, мәселен, жастар басқармасы. Жастар мәселесін біліммен байланыстыруымыздың өзіндік себептері бар. Бұл мәселемен айналысатын басқарма студенттермен, мектеп оқушыларымен, яғни, 14 пен 29 жасқа дейінгі жастармен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек. Олар туралы ақпаратты қайдан алуға болады? Әрине, білім басқармасынан. Баланың 1 сыныпқа барған кезінен бастап мектепті бітіргенге дейінгі кезі білім басқармасының бақылауында болады. Мектепті бітірген жастың қаншауы жоғары оқу ордасына, қаншауы орта арнаулы оқу орнына түскені, нақты саны, олардың мінез-құлықтары, қабілеттілігі, бәрі-бәрі білім басқармасының базасына енгізілген. Осы мәліметтердің барлығын ескере отырып жастар саясатымен айналысуды білім басқармасының еншісіне бердік. Сондай-ақ, қазір мемлекеттік тілге баса назар аударылып келеді. Міне, осы жайтты ескере отырып, тіл басқармасының жұмысын да білім басқармасына жүктедік.

Ал туризм басқармасының құрылғанына бір жылдан аса уақыт болған. Оған дейін туризм мәселесі кәсіпкерлік басқармасының құзырында еді. Туризм – кәсіпкерліктің бір түрі. Сол себептен кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы болып қайта құрылып отыр.

Энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы атқаратын міндеттері бірдей. Қарап отырсаңыз, бұл екі басқармада облыстың инфрақұрылымымен айналысып келген. Осы ретте мына бір жайтты айта кеткім келіп отыр, бізде кейбір жағдайларда судың немесе жылудың құбырларын салу, жөндеуде жолдар қазылып, тиісті деңгейде қалпына келтірілмейді. Ешкім-ешкімнің жұмысына жанашырлықпен қарамайды, әркім өз міндетіне жауапты. Міне, сондықтан да екі басқарма жұмысы біріктіріліп, алдағы уақытта бұл жұмыстар белгілі бір жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады.

Жамбыл облысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары деген бөлек басқарма жоқ, ол міндеттер құрылыс басқармасына берілген.

Енді дін басқармасына келейік… Бұрындары ішкі саясат басқармасының құрамында болған бөлімді мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында бөліп алғанымыз рас. Дегенмен, екі басқарманың біріккені пайдалы болмаса, зияны жоқ деп ойлаймын. Барлық жұмыстарды саралай келе дін мен ішкі саясатты қайта біріктіру туралы тоқтамға келдік.

– Осы дін мәселесіне жеке тоқталғым келіп отыр. Облыста халық саны көп және өзге ұлт өкілдері басым. Оның үстіне бізде 800-ге жуық мешіт бар. Дін мәселесін ішкі саясатпен біріктіріп, ертеңгі күні діни ахуалды күрделендіріп алмаймыз ба?

– Дін мәселесі – ішкі саясаттың бір бөлігі. Бұл басқармада тек дін емес, түрлі әлеуметтік топтар жұмысы да қарастырылған. Солардың зерттеу жұмыстарының арқасында дінді бақылауда ұстауға болады. Ерекше атап өткім келіп отырғаны, біз дін мәселесін ішкі саясат басқармасының құзырына берген соң ондағы қызметкерлер санын қысқартып жатқанымыз жоқ. Олар басқарма құрамында тек дін мәселесімен айналысатын болады. Мәселен, дін басқармасында 10 қызметкер болса, заңдылықтарға сәйкес оның біреуі персоналды басқару, екіншісі бюджет кодексіне сәйкес ішкі аудит. Айналдырған 10 адамның қайсысын тексереді бұл маман? Бірақ, заңда бекітілген соң ондай маман болуы шарт. Одан кейін ұйымдастыру бөлімі. Бұл бөлімде есепші, іс жүргізу, бөлім басшысы болуы керек. Нақты дін мәселелерімен 4-ақ қызметкер айналысады. Енді он қызметкердің бәрі тек дін істерін жүргізбек. Демек діни ағымдардың іс-әрекеттерін дер кезінде анықтап, олардан төнетін қауіптен халықты сақтандырумен айналысатын мамандар саны артатын болады.

– Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында осы ұсыныстарыңыз бастапқыда әжептеуір қарсылыққа тап болып еді. Бірақ, ұсыныс сессияда бір ауыздан мақұлданды. Кейбір көзқарастардың бір күнде өзгеруіне не себеп деп ойлайсыз?

– Тұрақты комиссия отырысында ұсынылған мәселе алдымен сол комиссия мүшелерінің талқысына түсетіні белгілі. Рас, алғашында кей депутаттар қарсылықтарын жеткізді. Мұндай ұсынысты көтерудегі негізгі себептері мен негізділігі жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берілді. Осыдан кейін тұрақты комиссия мүшелері көтерілген мәселені дауысқа салып, басым дауыспен мақұлданып, сессия отырысына ұсынды. Мәслихат депутаттары оны бір ауыздан қолдады. Егер өзгеріс енгізу туралы ұсыныс комиссия отырысында қолдау таппаса, сессияда қаралмайтын еді. Сол себептен депутаттардың көзқарасы бір күнде өзгерді деуге келмес. Маслихатқа ұсынылған мәселенің талқылануы, сұрақ жауаптың болатындығы заңдылық. Басқару схемасына өзгеріс енгізу мәселесі бір күнде ұсынылып, шешімі шыға салған жоқ. Бұның талқыға салынып жатқанына үш айдан аса уақыт болды. Біздің ұсынысымыз Президент әкімшілігі, Ұлттық экономика, Білім министрліктерімен келісіліп, қолдау тапты. Айта кетейін, біздің облыс басқару жүйесін оңтайландыру жұмыстарын республика бойынша алғашқылардың бірі болып қолға алды.

– Кей депутаттар жылдың соңы таяп қалғандықтан өзгеріс енгізуді келер жылдың еншісіне қалдыру жайын айтып еді. Бірақ, өзіңіз айтпақшы республика бойынша Оңтүстік бұл мәселеге шешім шығарып қойды. Осы ретте туындайтын сұрақ, жақында Елбасымыз іссапармен келеді деген хабар бар. Бұл Президент алдында ұпай жинау үшін тездетілген жоқ па? 

– Жоғарыда атап өткенімдей басқару схемасына өзгеріс енгізу мәселесінің талқыланып келе жатқанына 3 ай болды. Елбасының саясаты болған соң оны орындау – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Сол себептен ұпай жинау үшін жасалынды деген дұрыс емес. Тіпті бұл шешім Елбасыға өңірге іссапармен келген кезде айтылмайды да.

– Комиссия отырысында қысқартуға ұсынылған басқарма басшылары да өз уәждерін айтып еді. Осы туралы сіздің ойыңызды білсек…

– Бұл басқарма қолындағы мәселе емес, әкімдіктің құзырында. Отырыста өз уәждерін айтқан басшылардың пиғылдарын, ойларын түсінбедім өз басым. Бәлкім олар «кресломнан» айырылып қаламын деп шыр-пыр болған да шығар. Ол жағы маған бейхабар. Белгілісі, біз Елбасы саясатын жүзеге асырып отырмыз. Осы ретте айта кетейін, Ә.Рабаев көтерген келісімшарттарды қайта түзу жұмысын аса бір қиын деп айта алмаймын. Бар болғаны 100-ден астам келісімшарт. Оның өзі қайта түзілмейді, тек қосымша келісім жасалады. Онда бар болғаны мекеменің реквизиттері ғана ауысады. Бұл ары кетсе бір-ақ аптаның жұмысы.

– Басқа облыстардағы жағдайлармен танысып көрдіңіздер ме? Өзге өңірлерде қай басқарма қайда біріктіріледі екен? 

– Байланыс бар, әрине. Әр өңір өз мүмкіншіліктерін ескеріп, ұсыныс түзіп жатыр. Оның бәрін шешім шыққан кезде белгілі болады.

– Функционалдық міндеттері артқан басқармаларда ауыс-түйіс орын алады ма? 

– Бәрі де заңға сәйкес жүргізіледі. Кімнің кетіп, кімнің қалатыны туралы кесіп ештеңе айта алмаймын.

– Екі айдан соң басқару схемаларына тағы да өзгеріс енеді дегенді естіп едік. Бұл шындыққа жанасады ма? 

– Өзгерістің орын алатыны рас. Бірақ, басқармалар біріктірілмейді. Қазір бізге республикадан функционалды міндеттер тапсырылып жатыр. Жақында ғана жер инспекциясы, одан кейін сәулет-құрылыс бақылау мекемесі жергілікті атқарушы орган құзырына берілді. Алдағы уақытта тағы да осындай міндеттер бөлінетін болады. Уақытында біз оны басқармаларға жүктейміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014