Шымкентте карантин режимі қашан аяқталады?

587

Шымкентте қонақүйлер, тамақтану орындары – кафе, мейрамханалардың қашан ашылып, жұмысын қашан бастайтыны әзірге белгісіз. Жағдайдың ушығуына байланысты, тіпті өзге де сауда орындары мен базарлар жұмысын тоқтатуы әбден мүмкін. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр журналистермен өткен шұғыл брифинг барысында мәлімдеді. Айтуынша, миллионды қаладағы тұрғындар санитарлық талаптарды қатаң сақтамай келеді.

Шымкентте 2 тәулікте 137 адамның коронавирусқа шалдыққанын және жағдайдың беті бері қараудың орнына, керісінше ушаққанын айтқан қала әкімінің бірінші орынбасары қазір қалада барлық қауіпсіздік шаралары қатаң қолға алынғанын жеткізді. Тіпті, қонақүйлер, тамақтану орындары мен кафе, мейрамханалардың қашан ашылып, жұмысын бастайтыны әзірге белгісіз екенін баяндады.Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Елімізде осы қоғамдық тамақтану орындары, одан кейін діни ұйымдарды ашу жөнінде жоспарлар қарастырылған болатын. Ал енді біздің Шымкент қаламызда бұның барлығына рұқсат берілген жоқ. Өйткені, эпидемиологиялық жағдай мәз емес, «ковид-19″-ға шалдыққандар күн санап өсіп отыр. Індетті жұқтырғандар саны – 404-ке жетті». 

Ал санитарлар миллионды қаладағы тұрғындар санитарлық талаптарды мүлдем сақтамай жатқанын айтып ашынды. Егер, бұл жағдай жалғаса берсе, тіпті 11-мамырда қызметін бастаған бірқатар мекемелерге шектеу қойылып, олар да жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханасында «ковид-19» пандемиясына шалдыққандар үшін 360 орын қарастырылған. Ал науқастар үшін қосымша медициналық госпиталь 1 айдан соң, қолданысқа берілмек.

«Медициналық қажеттіліктер үшін 1 млрд 300 мың теңге бөлінді. Оған антисептик, медициналық маскалар және өзге де қажетті заттар алынады», – дейді Ербол Садыр. Шымкентте қазіргі уақытта жүздеген адам карантинге жабылып, ондаған адам пандемияға шалдығуына байланысты, үшінше мегаполистегі карантин режиімінің қашан аяқталатыны да әзірге белгісіз. Осылай деп сөзін қорытқан жауаптылар жергілікті жұртты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Мөлдір Бекеева