Жас өнертапқыштардың жобасы жүзеге асуы мүмкін. Бүгін Шымкентте инновациялық жобалар бойынша сайыс өтті. Шараны «Шымкент инновация» мекемесі мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ұжымы қолға алған. Басты мақсат — жаңа информациялық технология, оның ішінде IT бағытын дамыту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа қатысуға 40-тан астам ғылыми жоба келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен солардың оны ғана ақтық сынға жолдама алыпты. Өйткені байқауға қатысушыларға қойылатын талап жоғары.
Әділет Пірімқұлов, «Шымкент инновация» ЖШС инновациялық жобалар бөлімінің басшысы: «Қатысушылардың жасы 17 мен 30 жас аралығында болуы керек. Және олардың жобасы қарапайым емес, іске асатындай, пайда табатындай болуы маңызды. Жеңімпаздарды қаржыландырып, оларға инвестиция тартуға тырысамыз. Құр қалмасы анық. Түрлі ұсыныстар да жасалады».
Сайыс барысында жас авторлар өздерінің жобаларын таныстырып, оны жүзеге асыру жолындағы жұмсалатын қаржының көлемін де көрсетті. Нәтижесінде арнайы жүлдені «Супер келіншек» сайт-жобасын ұсынған Ақерке Баймұратова иемденді. Үшінші орынға 55 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалған. Оны медициналық тексерілу мен кеңесті ұсынған Азамат Бетелеуов еншіледі. «Электронды физика» жобасымен Динара Бесейтова 2-орыннан көрінді. Жеңімпазға 75 мың теңге табысталды.
Ал бірінші орынды М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті Артем Федоскин «Оңтүстік карта» жобасын ұсынып, 100 мың теңге ұтып алды. Жеңімпаз деп табылған жобалар енді жүзеге асуы үшін қолдауға ие болуы мүмкін.