Қара Шеңгел: Суицид жұқпалы ауру ма?

Тағдырына тоқсан баулы шынжыр байланғандай, өмірдің мәнін таба алмаса да өлімнің жолын тауып, мына жалғаннан өз-өзіне қол жұмсап кетіп жатушылардың саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Қоғамды жайлаған бұл көріністер денеңді шымырлатып , жарықта өзіңнің қара көлеңкең жоғалғандай үрей тудырады. Тәуелсіз қазақ елін ғана емес, бүкіл жаһанға қауіп төндіріп отырған «суицид» дертіне барша адамзат баласы алаңдаушылық білдіруде. Қанатын кең жая бастаған бұл дерт осы сәттері сырқаттарын өзімен бірге бақилыққа әкетуде. Өкініштісі, бүгінгі сурет осылай. Ал, ертең қалай болмақ?

46-016

Суицид туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислам діни бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахманов бізге берген сұхбатында былай дейді:

– Суицид деген Алла Тағаланың адам баласына өлшеп берген тағдырына қарсы шығуы. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде оның маңдайына жазылған өмір сүру мерзімін адам баласының өтеуі міндет. Ол өзіне қол жұмсау былай тұрсын, әр мұсылман өз денсаулығына да дұрыс қарауы парыз. Ал өзін өзі өлтіру Алланың берген жасына қарсы шығу деген сөз. Ойлап көрейікші: адамдар неліктен суицидке барады? Оның себебі көп. Моральдық, материалдық, әлеуметтік жағдайларға байланысты өзінің бес күндік өміріне өкініп, сол ғұмырынан баз кешіп жатқандар да аз емес. Біреулер қиыншылық көреді, басына ауыр іс түседі. Сондай тығырыққа таянған адамдар суицидке барады. Мен мұндай оқиғалардың көптеп орын алуын тоқтатудың жолы «дінді үйрету» деп сеніммен айта аламын. Жетпіс жыл атеистік ұғымда болған қоғам өз тәуелсіздігін жариялағанына 24 жылдың ғана жүзі болды. Енді не істеуіміз керек деген сұрақ туады. Әрине, бұл орынды да. Айтар жалғыз ғана пікір болуы мүмкін: тағы да дінді үйрету. Егер біз жастарға тұғыры биік дініміз Исламды және ата-бабалар жолын үйретер болсақ, суицид көріністері азаяр еді. Бұлай деуіміздің себебі де бар. Мәселен, жаңа суицидке көбіне тығырыққа тірелген адамдар барады дедік. Тығырыққа тірелген адамға ең алдымен не керек? Сабыр. Сабырды дін үйретеді. Құранда мынадай аят бар: «Алла расында сабыр қылушылармен бірге» (Бақара сүресі 155-156 аяттар). Көпшілік қауым діннен бейхабар болып, болмаса дінді дұрыс түсінбей суицидке барып жатыр.

Күлзада Досқараева, Сарыағаш ауданының тұрғыны, мұғалім:

– Суицидке барғандардың көзіне қай заман болмасын ақ адам көрінген. Өзіне қол жұмсағандар өмірден кетерінде «Мені ақ адам шақырып жатыр» деп, болмаса жазып қалдырған. Өзім оның куәсі болғанмын, бір танысымыз телефонына солай жазып қалдырыпты. 

Қасиетті ислам дінімізде былай делінеді. Адам жеті нәрсеге сенуі керек:

1. Құдайға

2. пайғамбарларына

3. періштелеріне

4. қасиетті кітаптарына

5. жақсылық-жамандық, қиын-шылықтар Алладан екендігіне

6. тағдырына

7. ақыретке.

Егер Алла қиындық берсе адам көтере алатындай дәрежеде береді. Адам баласы соны түсініп, жақсылық пен жамандық та бір Алладан берілетіндігіне иланар болса, онда сол жанның рухы бекем болады да ол суи-цидке бармайды. Керісінше, өмірдің сынақ екенін жете түсініп жетеді.

Қазір халық алдында көп жүргендіктен естіп жатасың: «өзіне-өзі қол жұмсаған адамдардың жаназа намазы оқылмайды» деген. Бұл дұрыс емес. Жалпы өзіне қол жұмсаған адамдарға жаназа намазы оқылады. Ал, ондай теріс пікірлер адамдарды қорқыту мақсатында, оларға тәрбие беру жолында айтылған. Тек қана бұл емес, суицидке барғандарды жерлегенде олардың бейітін мазараттың шетіне қою да адамдарды жөнге келтіру үшін жасалынған.

Ырысалды Атығаев, ОҚМПИ жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі:

– Суицидпен күресті халықтық дәстүр арқылы ғана жүргізе алатындаймыз. Суицид сөзсіз қазір баршаны алаңдатуда. Бүкіл әлем болып осы мәселеге баса назар аударуымыз тиіс. Себебі, қоғамның басты мүшесі адам! Адам өмірі бәрінен қымбат.

Айта кету керек, адамдардың өзіне қол жұмсауына моральдық болмаса материалдық жағдайлар ғана әсер етпейді. Кейбір жындар – шайтанның әскері болып табылады да адам баласының ішіне кіріп кетіп о дүниені бұ дүниеден артық, жақсырақ етіп көрсетеді де адам санасын билеп алып оған үстемдік жүргізе отыра өз өзіне қол жұмсаттырады.

Қуаныш пен қайғысы қатар жүретін өмір болғандықтан алдымызға тағдырымнан бездім деп келетін адамдар да болады. Оларға біз насихатымызды айтып, қайта өмірге әкелгендей серпіліс береміз.

Б.Абдрахманов ағамыздың айтқандары көңілге қонымды-ақ. Имамның сөзіне сүйенер болсақ діни сауатсыздық, ұлттық дәстүрдің жете меңгерілмеуі осындай жағдайларға алып барып отыр. Мемлекетіміз дінді үйретуге де кіріскен болатын. Мектеп бағдарламасына «Дінтану» сабағы енгізіліп, кейіннен кейбір кемшіліктерге байланысты пән оқытылмай қойды. Қазір жастар шоғырланған мекемелерде арнайы кездесулер өтіп тұрады. ОҚО білім басқармасының жетекші маманы А.Жүнісованың берген мәліметтеріне сүйенер болсақ:

Шымкент қаласында «Құқықтық үйлестіру кеңесі», «Кентау қалалық оқушылар үйі» базасында өмірдің қиын жағдайына тап болған кәмелетке толмағандар үшін қосымша «Сенім» дағдарыс орталығы, облыстық білім басқармасының тапсырысына сәйкес «Назым-Шымкент» қоғамдық қорының жанынан тәуекел тобындағы, өмірдің қиын жағдайындағы балаларға, ҰБТ-ға даярлық кезеңінде бітірушілерге психо-коррекциялық қызмет көрсететін «Дағдарыс орталығы» құрылып, аутодиструктивті мінез-құлыққа бейім балалармен жұмыс жасау жұмыстары жүргізілуде. 2014 жылы мамырда Республикалық «Отбасы күніне» орай «ҰБТ-ға жасөспірімдерді дайындауда ата-аналарға психологиялық көмек» тақырыбында, қыркүйекте «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» тақырыбында бірыңғай ата-аналар жиналысы өткізілді. Аталған іс-шараларға облыс бойынша 1215 психолог мамандар мен 15794 азамат қатысып, заңгерлік кеңес алды. Суицид оқиғаларының 71% – ның себебі белгісіз болып келеді, өйткені бала ішкі күйзелісін, сырын ешкімге айта алмай, өзін қамқорсыз сезінеді. Осы мақсатта мектептегі психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы облыс мектептерінде 1430 педагог-психологтар өз мамандығына сәйкес қызмет атқаруда. Облыстық білім басқармасы тарапынан «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2014 жылға арналған аутодеструктивті мінез-құлықтың (суицидтің) алдын алу жөніндегі іс-қимылдың ведомствоаралық жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізіп келуде екен. Алайда, аталмыш маманнан суицидке барған жасөспірімдердің саны туралы цифрлық мәлімет ала алмадық.

Ұлжан Құлабаева, тарихшы:

– Суицидтің өмірімізге келгеніне бір-екі жылдың жүзі болмады. Суицид осыдан бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған. Қытай тарихын алып қарасаңыз, тіпті суицидті жаза түрінде де қолданған. Яғни, ауыр қылмыс жасағандарға өзін-өзі өлтіруге бұйрық берген.

Өзін-өзі өмірден қиғандардың бейіті моланың шетіне жерлеген. Өзгелерден тысқары тұрған бейітті көріп жаның түршігеді. Суық көрініс. Оны көрген көпшілік суицидтің соңында осылай басқалардан тысқары болатындығын ұғып, өздерін аталмыш дерттен тиятын еді. Бұл да қоғамды ойландыру үшін халқымыздың жасаған салты. Өмірден өзін шеткері санағанды бейітте де тысқары қою арқылы халыққа ой салатын мұндай салт қазір көрініс таба бермейді.

«Оңтүстік Рабат» газетінің 14 қазан күні жарияланған санына сұхбат берген балалар психиатры Тұрсынай Момынова суицидті рухани дерт және жұқпалы ауру емес деп еді. Алайда, суицидтің қазірде алдыңғы жылдарға қарағанда көптеп орын алуы бұл рухани дерттің жұқпалыға айналғанын көрсеткендей… Иә, рухани дерт қоғамды жаулап алуда. Оған қарсы ем табылмай отыр. «Қазақстан 2050» стратегиялық бағдарламасы бойынша Қазақстан дамыған отыз ел қатарына кіруді жоспарлап отырған соң суицидтің алдын-алу мақсатында да жаңа арнайы жоба қажет сияқты.

ДДСҰ мамандары суицидке алып баратын факторларды мынадай көрсеткішпен сараптады, ол бойынша : 1,2 – денсаулығының нашарлығынан; 3% – қаражат қиындығынан; 1,4% – өмір сүрудің ауырлығынан; 6% – құмарлықтан; 18%- отбасы келіспеушіліктен; 18% – рухани дерттен; 19% – жазасын өтеуден жалтару мақсатында өзіне өзі қол жұмсайды. Ал суицидке итермелеуші фактордың 41%- неден болатындығы әлі күнге дейін белгісіз. Мұны дінде жынның адам баласы ішіне кіріп кетуі деп түсіндіреді.

Соңғы сөз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегі жөнінен еліміз суицид бойынша үшінші орынды иеленгендігі. Бұл өркениетті елдер қатарына (отыздыққа Н.Б) бет түзеген мемлекет үшін болашақ жолына қадам басқан аяғына өрмелеген қара шеңгел, қара цифр. Ол қара цифрлар артында мыңдаған отбасы күйініші, миллиондарға татитын адамзат перзенттерінің бұралаң да қиқалаң тағдыры тұр.

ТҮЙІН:

Бұл мақала жаңалық емес және мұндағы пікірлер белгілі-бір таптың да мүддесін қорғамайды. Жоғарыда жазылғандардың бәрі қоғамның белсенді бір мүшесін ашындырған оқиға. Ой қорыту оқырманнан…

Бағдәулет НҰРМАТ,

ОҚМПИ филология ғылыми мектебі, 1-курс студенті

«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014