Шымкентте 14 жасар оқушы өз-өзіне қол жұмсады

52

Тағы да суицид. Шымкентте 14 жасар қыз өз-өзіне қол салды. Қаладағы жеке меншік мектептердің бірінде, сабақ үстінде 8 – ші сынып оқушысының жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Дегенмен, жасөспірім қыз жансақтау бөлімінде тілге келмей көз жұмды. 

Шымкентте 14 жасар қыз өз өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Оқиға 6-шы ақпан күні орын алған. 8-ші сынып оқушысының мектепте жағдайы нашарлап, есінен танған. Алдын-ала ақпаратқа сәйкес, ол үйінде көп мөлшерде белгісіз дәрі ішіп қойған. Кейін әдеттегідей сабаққа келген.

«Қыз сабаққа кеше таңертең келген. Екінші сабақтың уақытында өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Біз жедел жәрдем шақырып, қыздың анасын да шақырдық. Кейін қыздың көп мөлшерде дәрі ішкені анықталды»,- дейді «Низамхан» орта мектебінің директоры Юлия Корбан.

Өзін жайсыз сезінген оқушыға мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен. Ал, жедел жәрдем қызметкерлері асқазанын шайған. Дәрігерлердің айтуынша қыз баланың жүрегі ауруханаға жеткенше 2 рет тоқтаған. Ауыр халде жеткізілген науқасты аман алып қалу мүмкін болмапты.

Асылхан Мыңбосынов, О. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы токсикология бөлімшесінің меңгерушісі: «Мектеп қызметкерлері «оқушы талып қалды» деп жедел жәрдем шақырған.  Медицина қызметкерлері барған кезде асқазанын шайған. Кейін, қызды алып кететін кезде оның жүрегі тоқтаған. Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері қыздың жүрегін қайта жүргізген. Алайда, ауруханаға алып келе жатқан жолда тағы бір мәрте жүрегі тоқтаған. Ол кезде де дәрігерлер жүректі қайта жүргізген. Қыз ауыр жағдайда келді. Оны біз бірден жансақтау бөліміне кіргіздік. Ол жерде тағы 3-ші рет жүрегі тоқтады. Оны да қайта жүргіздік. Сонымен сағат 10:46 өте ауыр жағдайда келіп түскен науқас сағат 12:20-да атқарылған интенсивті шараларға қарамастан қайтыс болды»

Мектептегілер марқұмды сабақ үлгерімі орта, біртоға мінезді қыз ретінде еске алады. Дегенмен, мектеп психологы мінезіндегі өзгерістерге байланысты ол қызбен бірнеше ай бойы жұмыс істеген екен.

Шахаризада Бекарыстанова, мектеп психологы: «Оқушының сынып жетекшісі қыздың қолындағы сырылған іздерді көріп алып келді. Ол өз қолын әлдененің үшкір қырымен тырнаған. Қызды тіркеуге алдық. Онымен біраз уақыт жұмыс істедім. Оқушы қыздың айтуынша, ол мұны «ойын» ретінде істеген»

Аталған жайтқа қатысты «суицидке дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалған.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы: «Бұл факті бойынша Әл-Фараби ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қажетті тергеп-тексеруден кейін, қылмыстық іс бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. Сараптама тағайындалды. Өзге ақпараттар тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды»

Айта кетейік, бұл соңғы екі апта ішінде орын алып отырған суицидтің екінші жағдайы. Естеріңізде болса, 22-ші қаңтар күні 11 сынып оқушысы өз өзіне қол жұмсап, көз жұмған еді.