Ұйқтап қалған ғылым қайта оянғандай

Ғылым дамымай, экономика дамымайды. Бұл қағиданың растығына ешкім шүбә келтіре алмас. Дәл осыны негізге алған әлем елдері ең алдымен ғылым-білімді дамытуға барынша күш салады. Соның жемісін жеп жүргенін де білеміз. 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізейін деп отырған біздің елдің де алға қойған мақсаттары баршылық. Бастысы – бізде де ғылым саласының тұралап қалмағанын көрсету. Тіпті, Азиядағы жетекші мемлекеттердің қатарынан көрінгіміз келетінін байқату. Мүмкіндіктерімізді паш ету.

45-014

Дайындық басталды. Небір ғылыми-зерттеу институттары құрылып, қазақ ғылымы «жасыл экономика» үдерісінен қалып қоймауға тырысып-ақ жатыр. Бір сөзбен айтқанда дәл қазір іс-шараға дайындық қызған шақ. Жоғары оқу орындары да осы көрмеге бар жаңалықтарымен қатысуға ниетті. Соның айғағы болар, өткен бейсенбі мен жұма күндері М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ұйымдастыруымен «Өндірістік технологиялар және инжиниринг» атты халықаралық конференция өтті. Мақсаты – химия және мұнай химиясы, тоқыма және тамақ өнеркәсібі, агроөндірістік кешен, нано және биотехнология, экология, IT технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін, инженерлік білім беруді дамыту мәселелерін талқылау болатын. Азия мен батыс елдерінен келген ақбас ғалымдар бар білгендерімен бөлісті. Ғылымда соңғы жылдары ашылып жатқан жаңалықтарды жеткізді.

Біздің бар ынтамыз конференциядағы баяндамаларға емес, басқаға ауды. Басқа емес-ау, өзіміздің ОҚМУ ғалымдары мен магистранттары ойлап тапқан ғылыми жаңалықтарға. Біздің ғалымдар жаңалық аша алмайды, қолдарынан түк келмейді дегенді көп айтушы едік, бұл күні ол сөзіміздің қате екенін түсіндік.

Сонымен не керек, ОҚМУ-лік ғалымдар мен ұстаздар студенттермен бірлесіп, бірнеше жаңалықтар ашып, әртүрлі құрылғылар, бұйымдар ойлап тауыпты. Онысын конференц залдың кіреберісінде келгендерге таныстырып тұр. Қызықтап қарап жүргендердің қатары қалың. Оның ішінде біз де бармыз. Алдымен денсаулық сақтау саласына тікелей қатысты жасалған жұмыс қызықтырды. Университет ғалымдары туберкулез, қант диабеті, бауыр және онкологиялық ауруларды емдеу үшін құрамында иммуномодуляторлық қасиеті бар антиденелер ойлап тапқан екен. Аталған ауруларды емдеуге таптырмайтын дүниеге ұқсайды. Ағзаның дертке төтеп беру қабілетін күшейтетін көрінеді. Одан қалса университет ғалымдары түйе сүтінен емдік-диеталық өнімдер өндірудің кластерлік технологиясын жасап шығарыпты.

Дәл осы ұсынылған дүниенің қасында тағы бір ғалымдар шоғырын байқадық. Барсақ, жаңалықтың көкесі осында екен. Ғалымдар «Вернейл» дейтін аппараттың көмегімен табиғи күйден еш айырмашылығы жоқ рубин асыл тасының монокристалдарын өсірудің нанотехнологиясы және рубиннің монокристалдарының синтезін өндірудің технологиясын жасапты. Бұл дегеніңіз кез келген қымбат асыл тастарды табиғи қалпын бұзбай, қолдан жасап шығаруға болады деген сөз. Жаңалық деп осыны айт.

Жоғарыда ЭКСПО деп бекер айтқан жоқ едік. Дәл осы көрмеге көрсетуге лайықты дүниені ОҚМУ ұстаздары да жасап қойыпты. Техника ғылымдарының кандидаты Әбдішүкір Сарыбаев күн сәулесін, қызуын электр энергиясына айналдыратын құрылғы жасап шығарған. Оны өзі таныстырып тұр. Құдай қаласа халықаралық көрмеге апармақпыз дейді. Бірақ бұл құрылғының құны өте қымбат көрінеді. Сол себепті де кең көлемді қолданысқа шығару әзірге мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Әйтпесе сұранып-ақ тұрған дүние екен. Ісіне сәттілік тіледік.

45-013

Бұдан өзге университет қабырғасында ойлап табылған тағы бір бұйымдар қызығушылығымызды оятты. Өзін Сағындық Қонысбаев деп таныстырған оқу орнының магистранты жарақатқа таңатын дәке ойлап тауыпты. Дәкенің артықшылығы сол, жараның бетін жай ғана жауып тұрмай, емдейтін көрінеді. Байқаусызда қолыңызды не басқа жеріңізді жарақаттап алсаңыз дәкені таңа салсаңыз жетіп жатыр. Ештеңе жағудың керегі жоқ. Жараңыз өзінен өзі жазылып шыға келеді. Жаңалық па, жаңалық! Магистрант жалғыз дәкесін емес сонымен бірге жасап шығарған қолғаптарын да көрсетті. Қалдықтардан жасалатын қолғаптың сапасы жақсы екен. Күнделікті шаруаға таптырмайтыны көрініп тұр. Тіпті, қызыққан мекемелерден 6 млн дана қолғапқа тапсырыс түсіпті. Қуаныштарында шек жоқ.

Ары қарай жүрдік. Алдымыздан шыққан келесі туынды да университет ғалымдарының тікелей мұрындық болуымен жасалған. Бұл – өңірімізде ғана емес елдегі жалғыз кремний өндіретін зауыт. Электроникада қолданылатын микросхемалардың тақтайшасы, жоғарыда айтылған күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын құрылғы дәл осы кремнийден жасалады екен. Ғалымдар мұны ірі жетістікке балап отыр. Айтса айтқандай, қазақстандық жоғары оқу орны ғалымдарының ойлап табуымен жасалған зауытты күнде көре бермейсіз. Бұл да болса ғылымның ептеп дами бастағанын аңғартады.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014

P.S.: Конференцияда көргеніміз де көңілге түйгеніміз де аз болмады. Бастысы – университет ұстаздары сессия кезінде байғұс студенттерден тек пара алуды ғана біледі екен дейтін қасаң қағидадан арылып қайттық. Алып та жатқан шығар, бірақ өздерінің басты жұмыстары білім-ғылыммен де айналысуды ұмыта қоймапты. Ашқан, ойлап тапқан дүниелері де баршылық. Бір сөзбен айтқанда оңтүстікте ғылым өлмепті, тек ұйықтап келген. Енді, оянған сыңайлы. Сілкінсе болғаны.