Астанада өткен ХVІІ Халықаралық «Шабыт-2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы (поэзия) бойынша бас жүлде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 3-курс студенті Батырхан Сәрсенханға бұйырды. Байқауға Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстаннан 150 үміткердің шығармалары келіп түскен. Таланттарды танытқан байқауға белгілі қаламгерлер Ұлықбек Есдәулет, Ақберен Елгезек бастаған алқа қазылық етті.
– Батырхан, жеңісің құтты болсын! «Шабыт» қалай өтті? Жас ақындардың шабысы қалай екен?
– Рахмет! Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі, аты елге мәшһүр бола бастаған жүз жас ақын өз өнерлерін көрсетті. Мықтылары көп. Жұмекен Нәжімеденовтің «Отанның қай жеріне де күн мен ауа тарайды, Қай төбенің аспаны да арайлы, Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды» дегеніндей, қай ақын да «Мынау қазақтың шайыры» деп айтуға жарайды.
– Бас жүлде аламын деп ойладың ба?
– Күттім де, күтпедім де. «Шабыттың» тарихында «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша 19 жасында Бас жүлде алған алғашқы адам екенмін. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік деп білемін. Өлеңімді «тентексұр» деп бағалап жатқандар бар. Ақберен Елгезек ағам айтқандай «Бұл – біздің буынның жеңісі». Біздің буын өсіп келеді. Поэзия жаңаруда.
– Әлеуметтік желілерде түрлі мақтау-мадақтаумен қатар сын да айтылды. Сынды қалай қабылдайсың?
– Дұрыс, сынау керек, мінеу керек, арғымақтардың басына жуынды төгу керек. Енді таяқтың екі ұшы бар ғой. Мысалы, қосу, алу, бар мен жоқ деген сияқты әлемде екі ұғым бар. Бар бар жерде, жоқ бар. «Мұхтар Шахановқа телефон шалғызып, орын алыпты», «Жүрсін Ерманға айтқызып, жеңімпаз атаныпты» дегендей әңгімелер болды. Бірақ олар қазақтың заңғар перзенттері. Олар біріншіден, мұндай пендешілікке бармайды. Екіншіден, бұл менің түсіме де кіріп шықпайды. Мен Алладан басқа ешкімнің алдында иілмейтін қазақпын. Менің болмысым солай. Ақты-ақ, қараны-қара деймін. Өнерімді бағалағандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Сен үшін өлең деген не?
– Бақытжан Алдияр ағамыздың өлеңі бар ғой.
«Қорғасыннан ауырмын,
Қауырсыннан жеңілмін.
Қайта келмес дәуірмін,
Қайталанбас өмірмін.
Сырласқаным өр елім,
Күнде ашқаным бір әлем.
Өмір деген өлеңім,
Өлең деген мына мен», – деген. Сол сияқты өлеңде әркімнің өз «мені» бар. Өлең деген бір ақынның тағдырын ала отырып, оны бүкіл адамзатқа ортақ етіп көрсету деп білемін. Ал қазіргі кезде жеке мұң, модернистік көзқарас, яғни, түсініксіз жазу белең алып кетті. Бірақ қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында өзінің тағдырын, елдің тағдырын, адамзатқа ортақ етіп көтере білген ақындар жетерлік.
Жалпы менің шығарма-шылығымның бәрін тұтас қарағанда өмірдің мәнін іздеу болып табылады. Бір философтың сөзі бар. «Адамдар жиырма бес жасында қайтыс болып кетеді. Бірақ тәнін жетпіс бес жасында жерлейді» деген. Мен адамның бәрін адам деп ойламаймын. Өмірге келген әр перзент Габриел Гарсия Маркесше айтқанда жапырақ жел қай жаққа тұрса сол жаққа сенделіп, қураған жапырақ сынды бағытын білмей, жер бетіне бір төмпешікті көбейтуге ғана келген жоқ, олар өз жолымен, бабасының қателігін қайталамай, ғұмыр сүру үшін келді деп ойлаймын. Осы бағыттарда, адамды тәрбиелеу мақсатында жыр жазып жүрген жайым бар.
– Өлеңдеріңнің басты тақырыбы – ғашықтық сезімі. Махаббатты қалай түсінесің?
– Махаббат – бұл ең аяулы сезім. Менің махаббат жайлы ұғымым мүлде басқа, өзгеше. Мысалы, Қыз Жібек пен Төлеген қосылғанда екеуінің арасында буырқанған махаббат басылып қалар еді. Ол екеуі қосылмағаны үшін ғана үлкен махаббаттың символына айналды. Менің ойымша, махаббат деген жүректе мәңгілік сағыныш болып қалу ғана деп ойлаймын. Махаббат бар дегенге сенемін. Өзім ғашық болған аяулы қыз бар. Жер бетіндегі адамзаттың бәрі ұлы махаббаттың туындысы.
– Әлеуметтік желідегі бір жазбаңда «Түркістанның төрт кітапханасы маған «Құрметті ұры» деген төсбелгі тақты» деген едің. Кітапты көп оқисың ба?
– Жалпы Қытайда ұрлық жасағандардың қолын кеседі. Кітап ұрлағандардың қолын кеспейді екен. Сол секілді кітап ұрлау кәсібі мақтанатындай жайт емес. Бірақ адам құштарлығы артып тұрған соң амалсыздан ұрлауға тура келетін кездер болады. Түркістанның төрт кітапханасы «Кітапханамыздың құрметті ұрысы» деген төсбелгісін кеудеме таққаны рас. Ол үшін мақтанбаймын. Және қуанбаймын. Ең алғашқы кітабым «Буратино» деген ертегі болды. Ағам Оралхан мектепте кітап «кеміргіш» болатын. Кітапты көп оқитын. Кітапхананың жарымын тауысып тастаған. Сол ағама еліктеп, кітапқа құмар болдым. Әр кітап оқыған сайын өзімнің қаншалықты «ағашбас» екенімді түсіне бастадым. Оқығаным бір тоғыз, оқымағаным тоқсан тоғыз. Ақын адам өмір бойы ізденіп өту керек. Бір күн ізденбеген ақын бүкіл әлемнен мақұрым қалады деп ойлаймын.
Әңгімелескен – Әйгерім БЕГІМБЕТ
«Оңтүстік Рабат», №47, 19.11.2014