Немісте «Гастарбайтер» деген сөз бар. Бізше — жалдамалы жұмысшылар. Олар да пенде, еріккендерінен ел аралап жүрген жоқ. Экономика тұралап, тұрмыстан мән кеткен соң, арып-ашқан бала-шағаларының қамы үшін шетел асқандар.
БҰҰ былтыр әлемдегі мигранттар саны 230 миллионнан асқанын айтып отыр. Мәселен, АҚШ-та — 46 миллион, Ресейде 11 миллион мигрант жүр. Ал Қазақстан 9-шы орында. Біздің елде соңғы жылдары 1 миллион мигрант жүр деп айтылады. Ал оның 16 мыңға жуығы Оңтүстік Қазақстанды паналайды.
Заңды түрде рұқсат берілген, тіркелген. Олардың үй шаруашылығы жұмыстарын істеуге арнайы рұқсаты бар. Басым бөлігі Өзбекстаннан келгендер. Ал олардың құқығын қорғайтын «Сана-Сезім»құқықтық орталығы бүгін де мигранттардың жайын қозғап, дөңгелек үстел өткізді. Жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сөз болды.
Айта өтейік, жалдамалы жұмысшылардың жалақысынан бастап жатын жеріне дейін көмек беретін орталыққа соңғы 11 айда 1426 азамат хабарласқан. Оның 753-і нәзік жандылар болса, 673-і — ер азаматтар.