Шымкенттік полицейлер бір тәулікте 400-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады

184

Шымкентте бір тәулік ішінде 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Қазір қала аумағында «Таза қала» іс-шарасы өткізілуде.

Бір айға созылатын тексеру жұмыстары көлік жөндейтін, темір қабылдайтын және жалға берілетін пәтерлерге жүргізіледі. Сонымен қатар, үшінші мегаполис төңірегінде заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтайтын «Мигрант» жедел-практикалық іс-шарасы өтуде.

Үшінші мегаполисте бір тәулік ішінде 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Бұл туралы Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция басқармасы мәлімдеді.

Шаһар аумағында 13 қаңтардан бастап «Таза қала» іс-шарасы өтіп жатыр. Тексеру жұмыстары 13 ақпанға дейін жалғаспақ. Оның мақсаты қоғамдық орындарда, көшеде тәртіпті қамтамасыз ету, санитарлық нормаларды, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесу болып табылады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары автокөлік жөндеу және темір қабылдау орындарын тексеріп жатыр.

Мұхтар БҰХАРБАЕВ, Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы: «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-ші бабы бойынша 146 құқық бұзушылық анықталды. Және 434-ші бойынша 37 құқық бұзушылық анықталды. Қалада жалға берілетін 223 пәтер тексерілді. Одан бөлек, қайыршылық тілеп жүрген 35 тұлға анықталып, қабылдап тарату орнына орналастырылды. Сонымен қатар, карантин режимін бұзу жайттары анықталуда. Бір тәулікте 43 нысан анықталды. Олар бойынша тиісті хаттама толтырылып, тиісті орынға жіберілді».

Сондай-ақ, кешеден бастап қалада «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның мақсаты – мегаполис аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың жолын кесу. Және де ел аумағына заңсыз көші-қон ұйымдастыруға қатысы бар азаматтарды анықтау.

Сұңғат ТҮГЕЛБАЕВ, Шымкент қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы: «Маусымға дейін Қазақстанда жүрген шетел азаматтарының барлығы біздің елдің аумағынан шығу үшін уақытша тіркеуге алынбай, тіркелмей жүрген азаматтардың барлығы жауапкершіліктері қаралмайды. Арнайы сол комиссияның шешімімен және ішкі істер министрлігінің нұсқаулығы бар. Шет мемлекетінің азаматы анықталған жағдайда заңсыз жүргендері, оларды жауапкершілікке қаратпай біздің елімізден шығарып жіберу болып саналады».

«Мигрант» іс-шарасы да бір айға жалғасады. Бүгінгі таңда Шымкентте 5500-ден астам шетел азаматы жүр. Олардың барлығы өткен жылдың наурыз айынан бастап шаһар аумағына кірген. Оның ішінде үшінші мегаполиске Өзбекстан Республикасының азаматтары көптеп келеді.

 Олжас Айдарбек