Оңтүстікте ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлері кең ауқымда дәріптелетін болды. Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы салынып бітті. Қазір әлі ашыла қоймаған орталық жаңа жәдігерлермен толығып жатыр.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының құнды қазынасының бірі — Жеті қазына тасбейнесі. Мұны орталыққа кіре берістен көзіңіз шалады. Қазір ұлттық салт-дәстүр залы жасақталып жатыр. Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, мекемедегі әр дүние қазіргі жастардың назарынан тыс қалған ғұрып-жоралғыны жаңғыртады.
Жанар Оспанова, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері: «Ежелгі салт бойынша қыз бала 12 жасқа толған кезде оған үйдің оң босағасынан орын берілген. Киім-кешек, жатын орнынан шымылдық құрып, көлегейлеп, оны бөлектеп тәрбиелеген. Бұл — қызды оң босағаға отырғызу деп аталады. Бұл тәрбие қыздың дербес өмір сүруін қалыптастырады. Болашақ отауда өзін қалай ұстауы қажет, шаруашылық жұмыстарды қалай атқаруы қажет екенін де үйренеді.»
Бұдан бөлек орталықта кеңес және халықтар достығы залы бар. Өзге бөлмелер зерттеу сыныптарына берілмек. Және мекеме қазақтың салт-жоралғысынан бөлек облысымыздағы 20 мәдени-ұлттық орталықтың ғұрпынан сыр шертер жәдігерлермен де толығып жатыр. Мекеме басшылығының сөзіне сенсек, мұнда дәстүрді көпке дәріптеу үшін тек көрме қолға алынбайды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=XziZ7Gb8yEA[/youtube]
Қайырғали Медет, облыстық әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығы директорының міндетін атқарушы: «Бұл мекеме — ғылыми зерттеу және әдістемелік орталық. Бұл — көне заманнан келе жатқан көне салттарымызды саралап, зерделеп, бүгінгі заманға лайықтап қолдану. Оны пайдалану қызметін атқарады.»
Зерттелген әдет-ғұрыптар кітап болып жазылып, арнайы таспаға түсіріліп, көпке таратылмақ. Ал қазіргі кезде екі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталған. Ұжым Елбасының іс-сапармен келуін күтіп отыр. Айтуларынша, Президент мекемені ашып, нысанның кілтін табыстайды. Айта кетейік, бұл — ел аумағында алғаш рет ашылған дәстүрді дәріптейтін орталық болғалы тұр.