Киіз үй құрудан шеберлік сабақ өтті

1167

Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Биік болсын шаңырақ» тақырыбында киіз үй құрудың шеберлік сағатын өткізді. Далада практикалық түрде киіз үй құрылысын көру үшін жастар көптеп жиналған.

Әуелі киіз үйдің теориялық құрылымы жайында таныстырылымын тыңдаған жастар, одан кейін нақты жұмысқа кірісті. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ғимарат алдында 12 қанат ақ орданы қалай дұрыс тұрғызу жолдарына жеке-жеке тоқталып, жастарға тәптіштеп түсіндірді.

Жұмыс барысында тарихымыздағы ең бірінші сәулет құрылысына қажет шаңырақ, кереге, уық сынды заттардың әрбірінің маңызы жайлы айтылып, жиналған жастарға насихатталды. Қазақ елінің көне дүниетанымын көрсететін киіз үй – рухани мәдениеттің үздік үлгісі екендігін көрсете білді.

Мырзабай Омаров, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ғылыми әдістемелік бөлімінің меңгерушісі: «Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең болсын» деген сөз бар. Осы сөздер біздің қазақ елінің киіз үйімен байланыстыра отбасына тілек білдіретін сөздер. Киіз үйдің бүгінгі күнде барлық түрі сақталып қалған деп айта алмаймыз. Жастар жағы оның құрылымын және құрылысын білі бермейді. Сол үшін біздің орталық жастарымызға қазақ елінің ұлттық мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық құндылығымыздың бір негізгі бөлшегі болып саналатын киіз үйді насихаттау шарасын өткізіп жатырмыз. Біз тарихтан оқып, ата-аналарымыздан көргенімізді бүгін міне жастарға үйретудеміз. Білгенмен бөліскен жақсы ғой. Біздің ата-бабаларымыз көшіп-қонып, үнемі жаңа қоныс іздеп отырған. Сондай кезде тез жиналып, тез құрылатын үй болғандықтан ауқымды қолданыста болған. Қазақ әдебиетінде киіз үйге қатысты не деген даналық сөздер бар. Осының барлығы осы киіз үйдің қадір-қасиетін аңғартса керек».

Жиналған жастардың барлығы дерлік киіз үйдің құрылу жолына алғаш куә болды. Оны жастардың қызығушылығын үйді құру барысындағы белсенділіктерінен-ақ байқауға болады. Мысалы Қасымбек Нұрдәулет алғаш рет қолына уық алғанын айтады. Ол бұл жұмыстың да өзіндік қыр сырын меңгермесе оңай еместігіне көзім жетті дейді. Дегенмен көпшілік жиналып, атқарылған істен көңіліме қуаныш ұялады дейді жас жігіт.

Қасымбек Нұрдәулет, студент «Мен алғаш рет киіз үй тігуге қатысып тұрмын. Мысалы мына уығын қалай шаншып, оның бауын қалай байлаудың өзін дұрыс жасамаса болмайды екен. Яғни құру барысында асқан ептілік  керек екендігін білдім. Маған бұл өте қатты ұнады. Достарымызбен у-шу болып, ойнап-күліп жүріп атқардық. Өзім тез үйреніп алғаныма қуанып тұрмын».