Соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр

Әбдуәлі Разметов

«Бізге ештеңе керек емес. Оның үстіне әкем 1990 жылы қайтыс болды. Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, соғыс мүгедегі ретінде қайтыс болған соң қырық күндік еске алу рәсімін өткізіп жатқанымызда қалалық әлеуметтік сала басшылары әкемізге тиесілі «Запарожец» автокөлігін әкеліп тұр… «Енді қажет емес» деп қайтарып жібердік. Бізді қайран қалдырып отырған мәселе кеңестік заманда соғыс ардагері ретінде тізімде болған, әкеміздің ендігі жерде жергілікті әскери комиссариаттың тізімінде болмай шыққаны. Тізімде болмаған соң Шымкенттегі «Даңқ» мемориалында оның аты жазылмай қалып отыр. Егер әкеміз соғысқа қатыспаған болса, оған 1990 жылы ҰОС мүгедегі ретінде тиесілі көлікті сыйламас еді ғой… Бізді ашындырып отырған осы мәселе», – дейді белгілі фототілші Әбдуәлі Ганиұлы Разметов.

Әбдуәлі Разметов
Әбдуәлі Разметов

Мәселенің мән-жайын ретімен баяндайық. 1942 жылы сол кездегі Чимкент қалалық әскери комиссариаттың шақыруымен Гани Разметов әскерге алынып, өзі қатарлы азаматтармен бірге Самарқанд облысы, Каттакурган қаласындағы әскери училищеге оқу-жаттығудан өту үшін аттанады. 3 айлық курстан өткен соң аға сержант шені беріліп, Бұхараға жіберіледі. Сол жердегі 156 дивизия құрамында болған Гани Разметов 1942 жылдың 1 желтоқсанында Астрахань, Қалмыкская АССР, Ұлан-Уде, Элиста қаласындағы 1-ші пулеметшілер батальоны 47-десантты гвардиялық дивизиясына қосылған. Бұл дивизия әрі қарай Ростов облысындағы Маныч көлін кешіп өтіп, «Целина» стансасына тоқтайды. Осы бір майдан даласындағы жорықтарда Гани алғаш рет 1943 жылы 23 қаңтарда жарақат алады. Госпитальдан шыққан соң 302 атқыштар дивизиясына жіберіледі. 1945 жылдың қазанына дейін қасық қаны қалғанша Отанды қорғау, фа-шистерден азат ету ісінде болған.

Гани Разметов
Гани Разметов

Тірісінде Гани Разметов майдандас досы Нұралы Нұрмахановтың есімін аузынан тастамайды екен. «Онымен Бұхарада оқу-жаттығу курсында таныстым. Содан екеуміз майдан даласында иық тіресіп соғыстық. 1943 жылдың 23 қаңтарында Нұралы ауыр жарақат алды. Осылайша ол Донбас бағытындағы жорықта қаза тапты. Оның комсомолдық билетін кейін политрукқа табыс еткенбіз» деп естелік айтып отырады екен. Мұның барлығын тәппіштеп айтып отырғандағы мақсатымыз, Гани Разметовтың расында да майданда болғандығын, майдандас достарының аты-жөні арқылы, сол кездегі архив құжаттары арқылы әлі де болса дәлелдеуге болатындығын жеткізбекпіз.

Гани Разметовтің  майдандас досы Н.Нұрмахановтың комсомолдық билеті
Гани Разметовтің майдандас досы Н.Нұрмахановтың комсомолдық билеті

– Әкеммен майдан даласын бірге кешкен, соғысқа Аралдан аттанған Нұралы Нұрмаханов жайлы тағы бір естелікті айта кеткім бар. Бейбіт заман орнап, соғыс жылдары туралы түрлі деректі фильмдер, мақалалар БАҚ беттерінде көрсетіліп жатқан кез. Бір күні қарапайым күнтізбеде Нұралы Нұрмахановтың комсомолдық билетінің суреті жарияланыпты. Әкем толқып кетті. «Мынау біздің Нұралы ғой…» дей берді. Қарулас досының комсомолдық билетін бірден таныған. Содан әкемнің өтініші бойынша майдандас досының туыстарын іздей бастадық. Қызылорда жақта тұрады екен. Хабарласып, біршама жылдар бойына хат жазысып, хат алысып тұрдық. Әкем өлгенше сол досының ерлік істерін айтып отыратын, – дейді Ганидің ұлы Ә.Разметов.

Тірісінде Гани Разметов майдандас досы Нұралы Нұрмахановтың есімін аузынан тастамайды екен
Тірісінде Гани Разметов майдандас досы Нұралы Нұрмахановтың есімін аузынан тастамайды екен

Соғыста 9 рет жараланып, елге 1945 жылдың қазан айында оралған Гани Разметов өмір бойы сағат жөндеуші болып еңбек етеді. «Әсіресе соғыс ардагерлеріне есімдері жазылып берілген сый сағаттарды олардың кейінгі ұрпақтары әкеме жөндеуге әкелетін. Сонда әкем өзінің үлкен толғаныс үстінде болатынын айтушы еді» – дейді ұлы. Көзі тірісінде Гани Разметовке түрлі наградалар табыс етілген. Орден, медальдары бар. Ұлының айтуынша сол марапаттаулардың көшірмесін де алып барып бүгінгі қорғаныс департаментіндегі мамандарға көрсеткен. «Бәрібір «біздегі құжаттарда ол кісі жоқ» деп безірейеді», – дейді Ә.Разметов.

Осы бір келеңсіздіктің кесірінен Гани Разметов сынды «Даңқ» мемориалына есімі жазылмаған қаншама ардагерлер бар десеңізші…

Ал тарихи шындықты жаңғыртып, қалпына келтіруге талпынып жүрген Әбдуәлі Разметов сынды азаматтар тым аз. «Өтті, кетті… қойшы…» дейтін ұрпақ көп. Өкінішті-ақ!

Ж. ШАЛАБАЕВА

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014