Оңтүстіктің патриоттары құрметке бөленді. Жыл бойы өңірдің дамуы мен үздіктер сапынан табылуына үлес қосқан жастар марапатталды. Мерекелік шарада олардың ерен еңбегі мен атқарған жемісті жұмыстары айрықша атап өтілді.
Сый-тартулар, арнайы алғыс хат, ақ тілек-құттықтаулар. Мұндай құрметтің барлығы да жас патриоттарға арналды. Қорытынды шарада «Шығармашыл жеңіс» номинациясы бүгінге дейін республикалық, қала берді халықаралық айтыс аламанында 20-дан астам бас жүлдені жеңіп алған Біржан Байтуовқа берілді.
Біржан Байтуов, «Шығармашыл жеңіс» номинациясының иегері: «Өте қуаныштымын, себебі қаншама жас таланттардың арасынан мені осы сыйға лайық деп тапты. Рахмет! Биыл 2 бірдей халықаралық айтыстың бас жүлдесін алдым. Жуырда Астана қаласында өтетін жылдың ең басты айтысы — «Алтын домбыраға» шақырту алдым. Дайындалып жатырмын. Алла қаласа, сол додада да Оңтүстіктің намысын бермей, бірінші жүлдені алуға тырысамын».
«Жыл патриоты» марапаты 2010 жылдан бері қолға алынған. 4 жылдан бері түрлі саладағы патриоттар мен іскер, талантты жастар осы мәртебеге ие болып келеді. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, биылғы марапатқа 50-ден астам жастың есімі ұсынылған. Бірақ арнайы комиссия оның 15-ін ғана лайық деп тапты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Kes7AvxeBJs[/youtube]
Ерлан Айтбаев, облыстық «Жастар орталығы» МКМ директоры: «Биылғы марапаттың ерекшелігі — «Табысты жас қазақстандық» аталымы «Жыл патриоты» деп өзгертілді. Тағы өзгерген тұсы — әнші, биші немесе басқа емес, нақты осы 2014 жылы ерлік көрсеткендер, жалпы өзінің саласында үздік болғандар ғана марапатталып жатыр».
«Жыл патриоты-2014» шарасы мерекелік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, жастардың сый-таруларына қазынадан 1 млн. 800 мың теңге бөлініпті.