«Оңтүстік цирктің» сахнасында Мәскеу циркінің жұлдыздары жаңа рекордтарымен өнер көрсетті. Олар қолға үйретілген аңдар мен, сайқымазақтардың, акробаттар мен Гинес рекордын жаңартқандардан құралған шоу-бағдарламасын ала келген.

Төртқабатты үйдің биіктігіндей жерде жонглер барын салуда. Ол өз өнерімен бұған дейін Гиннестің рекордын жаңартқан. Бұл қойылымның әлемде теңдесі жоқ, қайталанбас туынды. Цирктың жас әртісі Михаил Иванов аспандағы арқаннан емін-еркін, доппен ойнай өтеді.

Михаил Иванов, рекорд жаңартушы: «Мен не жасасамда ішкі дүниеммен сезінемін, жүрекпен орындап, жүрекке жеткізуге тырысамын. Көрермендерді таңқалдыру үшін үнемі ізденісте болып, қандай да бір жаңа нөмер ұсынғанды жаным қалап тұрады.»

Мәскеу циркінің өнерпаздары мерекелік бағдарламаға тыңғылықты дайындалып келген. Эксклюзивті нөмірлері де бар. Төрт аяқты жануарлар да шоудың көркін ашып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік бағдарламада бір емес, бірнеше цирк өнерпаздарынан құралған әулет өнер көрсетті. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Арсен Батиевтың өнері көрермендердің көңілінен шықты. Ал сүйкімді қонжықтар Мәскеулік цирктің бет бейнесі десек, қателеспейміз. Олардың жанкүйері көп. Қылықтарымен қоса өнерлері көпшілікті тәнті етті. Маймақ аңдарды арқаннан тік жүргізу де оңай шаруа емес.

Бүтін бір қойылым бойында күлкіден арылмаған балалар мен олардың ата-аналары мерекелік бағдарламаның жақсы ұйымдастырылғанына дән риза. Өңірімізге арнайы гастрольдік сапармен келген цирк майталмандары 11-қаңтарға дейін шымкенттіктерді жаңа нөмірлерімен «Оңтүстікциркте» күтеді.