Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына 3 азамат жазылып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді баяндады.

001

Асқар Исабекұлы әкімі алдымен «ЖҚТБ-нен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Жанэтта Жазықбаеваны қабылдады. Ұйым жетекшісі қайырымдылық қорының атқарып отырған жұмыстарын баяндап, бірқатар мәселелер бойынша қолдау көрсетуді өтінді.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар қоғамдық ұйымдармен өзара әріптестік орнатуға мүдделі екендігін, әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осы орайда әкім 2015 жылдың қаңтарынан бастап 18 жастан асқан АИТВ дертіне шалдыққан науқастарға өтемақы төлеу мәселесі оң шешілгенін мәлімдеді.

Бұдан кейін облыс әкімінің қабылдауына жазылған Рахима Абилдабекова жұмыспен қамту мәселесін қозғаса, кәсіпкер Әбдібек Наюпов өзі ойлап тапқан жаңа технологиялық жобаны өндіріске енгізу жөніндегі ұсынысын білдірді. Қабылдауға жазылған азаматтардың талап-тілегін мұқият тыңдаған Асқар Исабекұлы айтылған өтініштер мен ұсыныстар аяқсыз қалмайтынына сенім білдіріп, олардың оңтайлы шешілуін өз қадағалауына алатынын айтып өтті.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі