200 теңге

…Жұмысына асығып келе жатыр. Ештеңеге қарауға шамасы жоқ. Тіпті, кондуктор қолына ұстатқан тиындарды да санамады. Арасында бір қағаз ақша бар болатын. Оған да қараған жоқ. Түсе сала жүгіре берді, жүгіре берді. Жұмысқа кешікпеуі керек.

52-004

Басшылыққа байқатпай кабинетіне кіріп кетті. Әбден көңілі орныққан соң байқаса, бағанағы «сдач» күртесінің қалтасында екен. Жерге шашылып қалмасын деп, шалбарының қалтасына салмақ болды. Сол кезде ғана байқады – тиындардың арасындағы бір 200 теңгелік ақша екіге бөлінейін деп тұр. Қақ беліндегі жыртығы жартысына келіп қалыпты. Қап, әттеген-ай! Бағана асығып жүріп, байқамапты ғой. Әйтпегенде кондуктордың жәнін шығарып тұрып, қайтарып берер еді. Алмаса, бетіне лақтырады! Олай істей алады. Бетпақтығы көршілеріне аян. Енді қайтпек? Ешкім алмайды ғой мұндай ақшаны. Өзі әні-міне жыртылғалы тұр. Қалай ғана адамдар ақшаны осындай күйге жеткізеді екен? Санына қойып, ысқылаған ба, өзі? Жәрәйді, бір мәнісі болар…

Кешке қарай жұмыстан қайтып бара жатып, дүкенге кірді. Қалтасында енді орталанған темекісі бола тұра сатушыдан тағы бір қорабын сұрады. Ақысына бағанағы 200 теңгені берді. Темекісі бар болса қайтеді? Артық етпейді. Ертең, болмаса арғы күні шегеді. Мына пәледен құтылу керек… Ойын сатушы әйелдің шаңқ еткен даусы бұзып жіберді. Алмаймын деп жатыр екен. Темекіні қайтарып беріп, кері бұрылды. Шыға берісте тұрған төлем терминалына көзі түсіп кетті. О! Ана пәлені осында тығып жіберіп, құтылу керек емес пе? Кенет келген ойдан өзі қуанып кетіп, жымың ете қалды. Ай да, өзім! Дереу сенсорлы экранды саусағымен нұқып, телефон нөмірін тере бастады. Сенсор сұраған соң ақшаны қабылдағышқа тақады. Жыртықты саусағымен қосып ұстап, алға қарай итерді. Алмай қала ма деп еді, жоқ, мылқау техника жыртық екі жүз теңгелікті қабылдады. «Қыж-қыж» етіп ойланып тұрды да, жұтып қойды. Ура! Құтылды пәледен. Иығынан ауыр жүк түсті. «Көрдің бе?» дегендей, артына бұрылып, сатушыға ежірейіп бір қарады да дүкеннен шығып кетті…

….Бүгін – жексенбі. Күн суытып қалды. Базарға барып, қалың трико алуы керек болды. Жаз бойы үйге киіп шыққаны жұқалық қылуда. Қаладағы көтерме сауда базарына барып, қырғыз ағайын-дардан трико сатып алды. Ең арзаны – 2000 теңге. Мың сегіз жүзге берейін дейді. Оған алған затының барлығын арзандатып алатын бұл көне ме? «Ең құрығында жолкіре бер» деп, тұрып алды. Ол да бір қырсық екен, бағаны тағы 200 теңгеге түсіруге әзер көнді. Оған да мақұл. Триконы сатушы берген пакетке салып, тас қылып ұстап алған. Қашуға дайын тұр. Анау қалтасынан қалтылдап шығарған ақшаны алды да тез-тез басып кетіп қалды. «Бұйырсын» деген сөзді де естіген жоқ. Үйіне автобуспен емес, жаяу қайтты. Алыс емес қой, енді. Сәл шаршайтын шығар, есесіне, ақшасы қалтасында қалды. Иә, ақша демекші, қай қалтасына салып еді? Бір ұстап, сипап көрейінші… О, қырсық! Тағы да бүлінген екіжүздік! Бұл жолғысы жыртылмаған, бірақ, үлдіреп тұр. Жұқарғаны соншалық, арғы жағынан күн көрініп тұр. Ашуы мұндай келмес. Сатушыны сырттай сыбап алды. Қайтып барайын десе, қояр да қоймай арзандатқан өзі. Оған қоса еріншектігі ұстап қалды.

52-003
фото: //voxpopuli.kz 

Әй, жарайды, тағы сол мылқау терминалға өткізе салады. Сөйтіп ойлады да жолда кездескен дүкенге кіріп, терминал іздестірді. Тапты. Нөмірді терді. Ашқаны салды. Қабылдағыш жұтып алды да «қыж-қыж» етіп тұрып, шығарып тастады. Алып, аударып салып еді, тағы да құсып жіберді. Қалай аударып салса да алмай жатыр. Сөйтсе, қабылдағышты жасағандар да қу екен, ақшаның тұтас шеті арнайы сезімтал темірге жалпағынан бірдей кіру керек екен. Ал мұның үлбіреген ақшасының шеті майысып қала береді. Енді қайтті? Өткендегідей пысықтығы жүзеге аспады.

Ертеңіне таңды әзер атырды. Тұра сала аялдамаға жүгірді. Қалтасындағы бүлінген ақша ауырлатып бара жатқандай. Мінген автобусына кешегі 200 теңгені берді. Ақшаны алып, ары-бері аударып көрген кондуктор қыз жақтырмай қарады.

– Басқа ақшаңыз жоқ па?

– Жоқ болған соң осыны беріп тұрмын да.

– Құрығанда 20-30 тиыныңыз бар шығар?

– Жоқ!

Бар болса да бермеді. Қалтасында ұсақ тиыны жатыр. Бірақ, мына ақшадан құтылу керек. Кондуктор қыз тағы бір сезіктене қарады да ақшаны алып, ұсақ тиын қайтарды. Ух! Құтылды-ау бұл пәледен де. Ендігәрі «сдач» алғанда мұқият болу керек екен.

…Кешке жұмыстан сәл кешірек қайтты. Үй жағындағы шағын базарға соға кетейін деді. Жолда көршісі Мәкең келе жатыр екен. Өзі көңілді. Дүңгіршекке шақырды. «Жүздетпек». Бүгін бір байдың мәшинесін ертерек жөндеп беріп, ақысын алғанын жасырған жоқ. Ал бұл ішпеді. Бұл жолы ішпейді. «Шотал» сұрап, Мәкеңе жабысты. Қояр да қоймай бір уыс ақшасын алды. Алды да зытты. Сауда қатарының бұрышын айнала бере қалтасына қолын салып, ақшаны алды. Біркелкі 200 теңгеліктер екен. Лезде санап шықты. Бес қағаз. Мың теңге. Әй, мейлі. Мың теңге жерде жатқан жоқ қой… Тоқта! Аздап кірленген сарғыш ақшалардың арасынан үлбірек көзіне оттай басылды. Сол! Жүріп келе жатқан жерінен тоқтай қалды. Аптаның басында кондукторға «тығып» жіберген 200 теңге! Қап, әттеген-ай. Құтылмайтын болды-ау. Жерге бір, аспанға бір қарап, күйіп кетті. Кімге өкпелейді? «Шотал» сұраған өзі емес пе? Енді Мәкеңе барып, ренішін айта ма? Бұл жолы қайда өткізсе екен? Сөйтіп келе жатып, жолдың шетінде отырған қайыршыға көзі түсіп кетті. Бұның 200 теңгені жұдырығына қыса ұстап келе жатқанын көрді ме, кім білсін, қолын соза қалыпты…

Нұрлан БЕКТАЕВ

«Оңтүстік Рабат», №52, 24.12.2014