Алданған үміт мен көкке ұшқан миллиондар. Қала тұрғындарына арзан бағада көлік әперемін деген әйел, жәбірленушілердің шамамен 200 миллион теңгесін қағып алды деген күдікке ілініп отыр. Салдарынан, қала тұрғындары не көлік ала алмай, не ақшасын қайтара алмай сан соғып қалған.
Арзан бағада көлік аламын деп, қалтасынан қағылғандар сот жағалап жүр. Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жарыссөз өтті. Жәбірленушілердің айтуынша, олар айыпталушыға ірі көлемде қаражат берген.
Сөздеріне сенсек, күдікті сенімге оңай кіріп, көліктердің фотосы мен видеосын көрсетіп,оп-оңай алдап соққан көрінеді. Яғни, тиімді бағамен беретінін айтып, айласын асырған. Ақшаны алғаннан кейін «күте тұрыңыздар» деп із суытқан.
Жәбірленушілердің кейбіреуі 2023 жылдан бері алданып келген. Сотта айыпталушы кінәсін ішінара алғанын мойындады, бірақ кейбіріне белгілі бір мөлшерде қаражатты қайтарғанын айтты.
«Чек болмаса да, әр соманы мойындадым…»
Жәбірленушілердің айтуынша, кейбірі одан бір теңгесінде қайтара алмаған. Сондай-ақ олар соттың созбалаңға салынғанына наразылық білдірді.
ОТАЖАН АБДУРАИМОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ: «Бүгін біз өз көзқарасымызды білдірдік, жәбірленушілер өте көп. Біз оған берген 13,5 миллион теңгені қайтаруын талап етеміз, жалпы шығын – 200 миллион. Сотталушыға қатысты әділ шешім қабылданады деп сенеміз».
Айта кетейік, сот барысында айыпталушы бет-жүзін көрсетпеуді сұрады. Ал, кезекті сот отырысы жұма күнге белгіленді. Жәбірленушілер әйелдің ақшаны қайтарады деп және әділдік орнайды деп үміттенеді.
Нұргүл Жолымбетова






