Úı ANONS Картадағы ақша табыс әкелмек

Картадағы ақша табыс әкелмек

Мамандар банк картасында жатқан ақшаға қайтадан пайыз қосу ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді. Яғни, егер адамның картасында ақша қалса, сол ақша үшін банк аз болса да сыйақы төлесін деген бастама бар. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық адамдарды қосымша табыс табуға ынталандырады. Сонымен бірге ол банктердің жұмыс тәсілін өзгертеді, олардың арасында бәсеке күшейеді. Ал клиенттердің ақшаны пайдалану әдеті де өзгеруі мүмкін.

Қазақстандықтардың банк карталарындағы қалдық қаражатқа депозит секілді қайтадан пайыз есептеу ұсынылуда. Бұрын бұл тәжірибе жылына 3–4% табыс әкелетін, алайда кейін тоқтатылған. Соған қарамастан, банктер ол қаражатты айналымда ұстап келеді. Сарапшылардың есебі бойынша, егер сыйақы мөлшері 1–2% болса, азаматтар қосымша 300 миллиард теңге табыс таба алады. Ал 3–4% болған жағдайда  көрсеткіш екі еселенеді. Бұл — халықтың жылдық 23,5 триллион теңгелік шығынымен салыстырғанда айтарлықтай сома.

Марат Қайырленов, «Улагат консалтинг групп» директоры: «Бұл азаматтарды қосымша табыс көздеріне назар аударуға итермелейді. Себебі, биыл жазда жеке тұлғаларға ашылған шоттар саны 200 миллионнан асты. Демек, едәуір қаражат осы шоттарда сақталады. Бұл — оң үрдіс. Уақыт өте келе адамдар өздеріне тиімді карталарды таңдай бастайды. Ал бұл өз кезегінде банктер арасындағы бәсекелестікті арттырады».

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жаңашылдық банктердің қаржыландыру құнына айтарлықтай әсер етпейді, бірақ олардың артық табысын азайтуы мүмкін. Дегенмен, сыйақы мөлшері депозиттік пайыздан әлдеқайда төмен болады деп күтіледі. Бұл банктердің өз үлгілерін қайта қарап, пайыздық мөлшерлемелерді өзгертуіне немесе табыстылықты қысқартуына әкелуі ықтимал.

Расул Рысмәмбетов, қаржы сарапшысы: «Ең бастысы — банктер бұл пайыздарды шамадан тыс өзгертіп жібермеуі керек. Бұл депозиттегі жағдайға ұқсайды. Оның үстіне, карталардағы қалдықтарға есептелетін пайызға нақты реттеу болмай қалу қаупі бар. Сондықтан банктер бұл көрсеткішті өз еркімен арттырып немесе азайтып отыруы мүмкін».

Мамандар клиенттердің тарапынан да өзгерістер  болуы мүмкін екенін айтады: азаматтар депозит ашқаннан гөрі, сыйақы есептелетін ағымдағы шотта қаражат сақтауды жөн көруі ықтимал. Себебі депозиттер бойынша сақтандырылған соманың да өз шектеуі бар.

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы: «Бұл қаражаттың депозиттерден ағымдағы шоттарға ауысуына әкелуі мүмкін. Ал депозит — банктер үшін неғұрлым тұрақты ресурс көзі. Ресурстық база тұрақты болғанда, банк экономиканың түрлі субъектілеріне — халық пен бизнеске көбірек несие бере алады. Ал егер база әлсізденсе, несие беру мүмкіндігі де тарылмақ. Сондықтан бұл бастама ағымдағы шоттардың өз табиғатына қайшы келеді».

Қаржыгерлердің айтуынша, жаңа жүйе инфляцияға да ықпал етуі мүмкін. Алайда нақты әсері өзгерістер күшіне енгеннен кейін ғана белгілі болады.

Ботакөз Әнуар