Көк дөненнен көк айдынға

Жылқы жылында су спортшыларының жұлдызы жанды. Олай дейтініміз, Оңтүстік Қазақстан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі «Жылдың үздік спорт мекемесі» атанды. Бұдан бөлек, аталмыш мектептің жаттықтырушысы, байдарка мен каноэ есуден ҚР ұлттық құрама командасының басшысы Денис Жарменов «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атағын иемденді.

2-003

Облысымыздағы спорт мектептерінің саны да мол екендігін ескерсек, жылдың үздігі атағын алудың талас-тартысы да шиеленісті болғаны анық. Дегенмен, су спорты түрлері мектебінің шәкірттері Оңтүстік Кореяның Инчеон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарында төрт алтын, екі күміс және үш қола медаль олжалап қайтқан еді. Медальдардың барлығы да байдарка мен каноэда есу спортының еншісінде. Мектеп жетекшілігі әуелде Азиададан бір медаль алуды алдарына мақсат етіп қойған екен. Бірақ, «арық айтып, семіз шық» дегендей, облысымыздың ескек есушілері үлкен нәтиже көрсетті.

Серік Оңғарбаев басқаратын спорт ордасының жаттығу базалары бірнеше нүктеде орналасқан. Біріншісі, Маятастағы Бадам су қоймасы. Онда желкенді қайық және ескек есу спортынан дайындық жүргізіледі. Қазір мұндағы базада ескекшілерге арналған үлкен кешеннің құрылысы басталған. 2015 жылдың шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Екіншісі, Шардара су қоймасындағы жаттығу базасы. Желкенді қайық спортына арналған базаның жұмысы соңғы үш жыл бойына тоқтап тұр. Үшіншісі, Су спорты кешені. Осы кешен пайдалануға берілгенге дейін «Спартак» жүзу бассейнін жалға алып келсе, бүгінде жүзу жаттығуларының барлығы осында өткізіледі.

Байдарка мен каноэда есуден әлемдік аренада алда көрінсек те, желкенді спорт түрінен шабандап жатқан жайымыз бар. Әйтсе де біздің облыс республика көлемінде желкенді спорттан алдыңғы қатарда. Сөйте тұра, спортшылар арасында желкенді спортқа деген сұраныс аз. Көбі ескек есу, жүзу мен триатлонға келеді.

2-002

Қазір мектепте 450 бала жаттығады. Мұнда жүзу, ескек есу, желкенді қайық және триатлон спорты түрлерінен жаттықтырады. Баласын осы мектепке спортпен шұғылдануға бермек болған ата-ана келесі қадамдарды орындайды: баласының денсаулық жағдайы жөнінде медициналық анықтама өткізеді. Одан кейін физикалық дене дайындығы сынағын тапсырады. Жүзу спортына 6 жастан асқан балаларды, ал желкенді қайық және байдарка мен каноэда есу спортына 10 жастан асқан жеткіншектерді қабылдайды.

Бүгінде Қазақстанда су спорты түрлерінен жоғары жетістік көрсетіп, түрлі халықаралық жарыстардан жүлделі оралып жүрген қазақстандық спортшылардың арасында қазақ ұлтының қыз-жігіттері жоқтың қасы. Тарихында көшпенді болған ұлттың сумен әуреге түсіп кетпегені де анық. Жүзгіштер мен ескекшілердің қатарында қазақ жастарының көрінбеуіне бірнеше себеп те бар.

Екінші жағынан, қазақтар тарапынан су спортының пайдасын түсіну жағы кемшін тартқан. Кейіннен ғана суда жүзудің, ескек есудің денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін түсініп, көптеп келе бастапты. Жазды күндері үнемі табиғат аясында, көк айдында жаттығуға қызығып, осы мектепке қабылдануға ұмтылатындар да көбейген. Олимпиадалық резервтегі спортшыларды әзірлейтін болғандықтан, іріктеу шарттарының күрделігіне қарамастан, тілек білдірушілердің молаюы байқалған. Инчеонда өткен Азия ойындарынан кейін мұнда келушілердің саны тіпті артса керек.

Осымен екінші жыл қата-рынан «Жылдың үздік спорт мекемесі» атанған Оңтүстік Қазақстан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қырық шақты жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың алтауы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы болса, қалғандары I санатты бапкерлер.

2-001

Өткен жылды сәтті қорытындылаған мектептің осы жылға қойған басты жоспары да жыл басынан айқындалған. Биылғы басты меже: Қазақстан спартакиадасында үздік шығу және 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI Жазғы олимпиадаға жолдама алу. Мектеп басшылығы, Рио-де-Жанейрода болатын дүбірлі додаға қатысу үшін кемі 2 лицензия иеленуді мақсат тұтып отыр.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат» газеті №27 14 қаңтар 2015 жыл.