Желкенді қайық спортынан жарыс өткізілмек

1731

Әлемдік додаларда топ жарған үздік спортшыларымен мақтанатын Шымкент бүгінде ерекше спорттық жарыстар ұйымдастырумен де атағы алысқа кетіп тұр. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылатын әуе шарлары фестивалінің соңын ала яғни, 22 және 30 наурыз аралығында Шымкентте желкенді қайық спорты бойынша Қазақстан Республикасының кубогы өткізілмек.

Аталмыш жарыс еліміз бойынша жалғыз спорт кешені болып саналатын Бадам су қоймасындағы ескек есу спортының базасында өтетін болады.

Аталмыш жарысқа еліміздің маңдайалды қайықшылары қатыспақ. Оған Алматы облысынан, Ақтау, Балқаш, Өзбекстан, Қырғызстаннан атақты спортшылар келеді деп күтілуде. Оңтүстікқазақстандық спортшылар толық құраммен қатысатын болады. 60 яхташы ескек есу бойынша сынға түсетін болады.

Аталмыш жарысты ұйымдастырушылар ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық су спорты бойынша олимпиада чемпиондарын даярлайтын спорт мектебі және ОҚО желкенді қайық және есу спорты ассоциациясы.

Аталмыш жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ. Осы уақытқа дейін желкенді қайық спорты бойынша облыс құрамасы талай байрақты бәсекелерге қатысып, айдарынан жел ескен болатын. Енді алдағы өтетін жарыста да жерлестерін жерге қаратпайды деген сенім басым. Су спортшылары бүгінде қызу дайындық үстінде. Бас жүлдені жеңіп алатындарына сенімді.