Түркістандық ескекшілердің жаттығатын жері жоқ

386

Осыдан үш ай бұрын түркістандық ескекшілер жаттығатын орынсыз қалды. Денис Жарменовтың шәкірттері жылдар бойы дайындалып жүрген базаға кіре алмай, далада қалған. Себебі, «Бадам» су қоймасында орналасқан спорт кешені енді шымкенттіктердің еншісінде. Желкенді спорт және ескек есу қауымдастығы мен облыстық су спорт түрлері мектебінің жазған арыз-хаттары оң нәтиже бермеді. Қалалықтар өз дегенінде тұрса да, облыстағы билік өкілдері өз спортшыларын қанатының астына алмады. Нәтижесінде, түркістандықтар үшін Шымкенттегі спорттық базаның есігі бір жолға жабылды.

Еске сала кетейік, оңтүстікте ескек есу спорт түрі пайда болғалы осы «Бадам» су-қоймасында дайындалған. Әлем чемпиондары да, Кубок иегерлері де сол жаттығу базасында тәрбиеленген. Бір ұжым, бір мақсат. Осы қағидамен жұмыс жасап келген. Сол кезде де Шымкент қалалық және облыстық спорт мектебі болып бөлінетін, алайда, бірін-бірі базадан қуып шықты деген мәселе туындамаған еді. Керісінше, заманауи спорт кешенінің бой көтеруіне бірлесе ат салысқан. Неге, бүгінде бірлік кетті? Бұл сауалдың жауабы: Түркістандықтар өз базасында жаттығуы тиіс. Бұл Шымкенттің территориясы.


«Бадам» су қоймасында жаңартылған ескек есу базасы ашылса екен деп шыр-пыр етіп, басы қасында жүрген – Денис Жарменов екені баршаға аян. Кезінде оңтүстіктің үздік бапкері де атанған, ескек есуден Республикалық құрама командада мемлекеттік бапкер болып та қызмет етті. Ағайынды Емельяновтар да сол кездері Әлемдік додаларда алғашқы қадамын жасады. Оның ізбасарлары Олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Кейіннен, Денис Қасымұлы облыстық су спорт түрлері мектебінің директоры болған. Оңтүстікте алғаш рет пара-каноэ спорт түрін ашқан да осы азамат. Жалғас Тайкеновты Шымқалаға шақырып, қайығын беріп, ел тарихында алғаш рет пара-каноэ спорт түрінен Азия чемпионын да тәрбиеледі. Бүгінде, жалғастың қатарын Бибарыс Спатай жәнеЖаңыл Балтабаева толықтырып отыр. Олар параолимпиада ойындарына қатыссақ деп армандайды. Параканоэ чемпиондары да осы «Бадам» су қоймасында жаттығатын. Оңтүстіктің тарихында алғаш рет Шымкентте параканоэ спорт түрінен Республикалық сынақ өтті. Бұл жергілікті халық арасында мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартуға жақсы мүмкіндік болды.
Айта кету керек, тағы бір жеңіс бар! Ол – академиялық қайықта ескек есу. Кеңес одағы кезінен кейін ұмыт болған спорт түрі оңтүстікте қайта жанданды. «Бадам» су қоймасындағы кешенде Қазақстан кубогы үшін жарыс өтті. Ел үздіктері академиялық қайықта ескек есумен таныстырды. Олимпиа-да ойындарына екі рет қатысқан, Азия чемпионы Владислав Яковлев облыстық су спорт түрлері мектебінің спортшысы атанды.
Желкенді спорт қайта жанданды. Тозығы жеткен желкенді қайықта жаттығып жүрген спортшылар ескекшілермен бір қауымдастық құрып, бір қанаттың астына кірді. Көп ұзамай жаңа қайықтар да сатып алынды. Жуырда ғана өткен Республикалық жазғы спартакиада ойындарды олар командалық есепте екінші орыннан көрінді.
Оңтүстікке белгілі мамандар да шақырылды. Мәселен, Владислава Яковлевті халықаралық FISA федерациясының мүшесі, германиялық маман — Аксель Мюллер жаттықтырды. Сондай-ақ, желкенді спортты дамыту мақсатында Кеңес Одағының алты дүркін чемпионы, еңбек сіңген бапкер ресейлік Сергей Бородинов шақырылды. Сондай-ақ, бүкілресейлік желкенді спорт федерациясының вице-президенті Влас Кадетов та жергілікті чемпиондармен жұмыс жасаған болатын.
Оңтүстік су спорт түрлерінен жетістіктер аз емес. Дегенмен, қос спорт мектебінде бүгінде бірлік жоқ. Түркістандықтар «Бадам» су қоймасының аумағында орналасқан жекеменшік демалыс орнында жаттығып жүр. Уақытша жалға алған. Үш ай бойы жаттықпаса да түркістандықтар медаль саны бойынша оңтүстікте рекорд орнатты. Денис Жарменовтың шәкірттері Республикалық жазғы спартакиада нәтижесі бойынша 52 медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, ескекшілер 10 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль. Желкенді спортта қоржынға 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль салынды. Академиялық қайықта ескек есуден түркістандықтар 4 алтын, 4 күміс және 6 қола жеңіп алды. Жүзу мен триатлон да құр алақан болмады. Қортындылай келгенде су спорт түрлері мектебінің шәкірттері 52 жүлдені қанжығасына байлады. Жазғы Республикалық спартакиада төрт жылда бір рет өтетін, Қазақстанның ішкі олимпиадасы болып есептеледі.
Ендігі мақсат Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алу болып отыр. Ескекшілер бүгінде Венгрияда өтіп жатқан Әлем чемпионатында сынға түсуде. Ал академиялық қайықта ескек есуден чемпиондарымыз 25 тамыз күні Австрияға жол тартады. Линц қаласында Токио-2020 додасына жолдама үшін таласқа түседі.

Сарбиназ Алдабергенова

«Оңтүстік Рабат», №34, 21 тамыз 2019 ж