Анарбек Орман: «Шымкентке эпидемия қаупі төніп тұр»

187
Эпидемия қаупі мен оның алдын алу ұсынылды

Шымкенттегі көпқабатты үйлерде тез арада кондоминиум жүйесін енгізу қажет. Сонда ғана тұрғын үй қатынастары мәселесі шешімін табады. Дөңгелек үстел басына жиналған аудан әкімдері, үй төрайымдары және «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясының басшылығы осындай қорытындыға келді. Алайда, Бұл проблема шешімін қашан табады?

Эпидемия қаупі мен оның алдын алу ұсынылды

Тұтынылған су көлемін өлшейтін құралдарды пәтерлерден сыртқа шығармайынша, проблеманың түйіні шешілмейді. Кондоминиум құрған үйлердің жетекшілері оған сенімді. Себебі, ол қиындықтан өздері де өткен.

Айгүл Нүрсейітова: «Тұрғындар көбінде өз пәтерлеріне кіргізе бермейді. Бұл жағдайда, тіпті, тәртіп сақшылары да көмектесе алмайды. Ал көрсеткішті алмаса, кейін есептесуде проблема көбейеді. Бұған бірінші кезекте пәтер иелері өздері ынтызар болуы керек».

Осыдан келіп «Тұтынылған су мөлшері тым көбейіп кеткен, мен түбіртектегі төлеммен келіспеймін» дейтіндер баршылық. Проблеманың туындауына тозығы жеткен құбырлар да себеп болып тұр. Қазіргі кезде қаладағы 30-ға жуық көпқабатты үйдің жертөлесі кәріз жүйесінен аққан лас суға толған. Бұл, алдымен, үй іргетасының отыруына алып келеді. Одан басқа да залалы көп.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WjjuBCIjOdw[/youtube]

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры: «Екінші қауіп – санитарлық жағдай нашарлап кетіп, ол жерде аурулар пайда болуы мүмкін. Мынау Африка елдеріндегі аурудың бетін аулақ қылсын! Үшінші мәселе – су жүйелері кәріздің лас суының астында қалып жатыр. Егер оның ішіне су кіретін болса, сонда көпқабатты үйлердің тұрғындары улануы мүмкін. Мұның соңы трагедияға алып келуі де ғажап емес. Міне, осының алдын алуымыз керек.»

Сондықтан мәселені шешуді ертеңгі күнге қалдырмаған дұрыс. Ол алдымен тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін керек дейді мамандар. Оны шешудің жолын да ұсынып отыр – бірінші кезекте су құбырларын жаңарту қажет. Ол үшін тұтынушы қазір шығындалса, ертеңгі күні пайдаланылған сапалы су төлемін үнемдеуге мүмкіндік болады.

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры: «Құбырларды ауыстыру үшін кететін шығынның жартысын «Су ресурстары» мекемесі төлейді. Қалғанына тұрғындар шығаруы тиіс. Егер зейнетақысы немесе еңбекақысы аз болса, жөндеу жұмыстарына жетпей жатса, қалалық әлеуметтік басқармадағы тұрғын үй көмегі бойынша ақша алуларына болады.»

Абоненттер білуі тиіс тағы бір ұсыныс бар – «Су арнасы» мекемесі осы жаңарту бағдарламасын енгізу арқылы есептегіш құралдарын тексерту, мерзімі келгенде ауыстыру және қосымша қадағалау жұмыстарының барлығын өз міндетіне алады.