Шымкентте сүйретпеден бастап сәнді туфлиге дейін тігіле бастады

943

Шымкентте аяқ киімдер шығарыла бастады. Оңтүстік Қазақстандық өндіріс орны өз жұмысын өткен жылдың тамыз айында бастаған. Содан бері шеберлер үйде киетін сүйретпенің 40 мың жұбын тігіп үлгеріпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=k_BttFumyiE[/youtube]

Мемлекеттік бағдарламаның шапағатымен аяқтан тұрған кәсіпорын басшылығының жоспары тың. Екі кезең бойынша аяқ киім шығаруды жоспарлап қойыпты. Алғашқы кезеңін жүзеге асырған кәсіпкер дайын өнімін өз өңіріміз тұрмақ еліміздің өзге қалаларына таратып жатыр. Осылайша мемлекеттен алған несиесін қайтарып та үлгерген.

Фабрика директоры
Фабрика директоры

Санжар Тілегенов, аяқ киім фабрикасының директоры: «Үйде киетін аяқ киімді 260 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл баға Қытайдан шекара асып келетін өнімдермен бәсекелес бола алады. Сұраныс бар. Біз тіккен тәпішкелер Астана мен Алматы және Түркістан қалаларында көптеп сатылуда. Шетелге шықпаса да еліміздің ішкі нарығын қамтуға қауқарлымыз».

Жоба бойынша мұнда күніне бес мың жұп аяқ киім тігілуі тиіс. Алайда сұранысқа байланысты тәулігіне тек мың данасын ғана тігіп жатқан фабрикада он адам қызмет етеді.

Соның бірі – Несібелі Пакилова. Өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыспен қамтылған жас маманның айлығы – 50 мың теңге.

Несібелі Пакилова, тігінші: «Мұнда өзімнің мамандығым бойынша келдім. Жастар практикасымен келгенбіз. Ол мерзім аяқталған соң тұрақты жұмысқа алып қалды. Өзіме ұнайды, аяқ киім тігемін деп ойламаппын, қызық. Айлағымыз тұрақты, уақтылы алып тұрамыз».

Фабрика өнімі таза дейді технологтар. Шикізат аспан асты елінен тасымалданса да ең тазасы, денсаулыққа зияны жоғы таңдап алынады. Ал екінші кезеңі бойынша ерлердің сәнді аяқ киімін шығару жоспарда тұр дейді кәсіпкер.

Жаз қарсаңында осы жаңа жоба іске қосылса Шымкентте алғаш рет сәнді әрі сапалы аяқ киім шығарылмақ. Бүгінгі таңда 200-дей түрін сарапттаудан өткізіп, жоспарға енгізіп қойыпты.

Санжар Тілегенов, аяқ киім фабрикасының директоры: «Брендті аяқ киім шығарамыз. Түркияның «СОТ» фирмасымен келісімге келдік. Мұндай сәнді туфлилер бізде әлі жоқ. Оны базарда емес, арнайы дүкендерде ғана сатамыз. Табаны мен үсті Түркияда жасалса, бізде жабыстырылып, тігілетін болады. Ол үшін құрылғымыз дайын тұр».

Осылайша Шымкенттен шыққан аяқ киім еліміздің нарығын жаулап алуға қауқарлы. Шекара асып келіп жатқан кез келген аяқ киіммен бәсекелесе алады. Фабрика басшылары діттеген мақсатына жетсе еліміздің базарлары ғана емес, брендті киім сататын дүкендердің сөрелерінде де Оңтүстік Қазақстан аяқ киім фабрикасының өнімі тұратын болады.