Шымкентте 8 наурыз мерекесін тойлау басталып кетті. Әл Фараби ауданының әкімдігі мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің ұжымы қаламыздың көркеюіне үлесін қосқан бірқатар әйелдер қауымын мейраммен құттықтады. Оның ішінде тұрғындардың тынышын сақтаған үй төрайымдары да бар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3I1K9BLGU78[/youtube]
Әсем ән мен тәтті күй, мерекелік сый-тарту, ақ тілек құттықтаулар. Мұндай марапаттың барлығы да әйелдердің құрметіне арналды. Әкімдік пен колледж ұжымы қаламыздағы тұрғындардың тынышын сақтаған үй төрайымдары мен көпбалалы аналарды арнайы шақырып, құттықтады. Кеш кейіпкерлері қуанышты әсерлерін жасырған жоқ.
Халима Нарметова, Ә.Жангелдин көшесі, №30 үйдің төрайымы: «Өте қуаныштымын! Сыйлықтарын тапсырып жатыр. Бәрінен бұрын жастардың өнеріне тәнті болдым, тіпті, көзіме жас та келді. Тәрбиелі, инабатты, білімді осындай жастар көбейе берсін! Еліміздің болашағы — жастар, сондықтан біздің үлкен үмітімізді ақтайды деп сенемін, бүгін мерекелік әсер сыйлағандары үшін рахмет!»
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің студенттері халықаралық мерекеде аналардың құрметіне арнайы бағдарламасын ұсынды. Бүгінде Әл Фараби ауданында 600-ден астам көпқабатты үй болса, оны 500-ге тарта үй төрайымдары басқарып, тұрғындардың ауызбіршілігін арттырып келеді. Әкімдік өкілдері үй төрайымдарының сапалы қызметінің нәтижесінде қоғамдағы келеңсіздіктер саны азайған деп отыр.
Естебек Шардарбеков, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Міне, осы кісілер біздің мамандарымыздың ауыр жұмысын жеңілдетіп жүр. Өйткені қызметкерлеріміз үйдің әрбір тұрғынын тани бермейді. Сондықтан, үй төрайымдарына жүгінеміз. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары да үй төрайымдарымен тығыз байласта жұмыс жасайды. Бұл — қала тұрғындарының тәртібін қадағалаудағы жауапкершілік.»
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің ұжымы мен әкімдік тарапы алдағы күндері аудандағы көпбалалы аналар мен іскер әйелдері мерекемен құттықтауды жалғастырмақ. Айта кетейік, бүгінде колледж ұжымы ақпараттық технлогиялар, қызмет көрсету, экономикалық, педагогикалық сынды бағыттардан 15 мамандық бойынша біліп беріп келеді. Қазіргі таңда оқу орнының 1500-ға тарта студенті бар.