«Ана — ұлт тәрбиешісі». Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұжымы осындай тақырыпта аналардың құрметіне мерекелік кеш ұйымдастады. Бұл іс-шараға өңіріміздегі бірқатар көпбалалы және жылдар бойы қызмет орнында көшбасшылық қабілетімен танылған әйелдер шақырылған.
Ұлағатты ұстаздар да келді. Мереке кейіпкерлерінің құрметіне ұжым қызметкерлері «Анаға тағзым» атты қойылымын ұсынды. Ал жоғарғы оқу орнының студенттері арнау-жырларын оқыды. Әсем әндерін айтты.
Үрзия Нысанбекқызы, көпбалалы ана: «Үлкен рахметімді айтамын! Бүгін осында шақырып, сый-тартуларын үлестіріп жатыр. Ән айтып, өнерлерін ұсынды. Рухани демалып қалдым. Ең бастысы — көңіл ғой. Көңіліміз бір серпіліп, өзіміздің бір ерекше құрметке лайық екенімізді сезіндік, жастарға бар жақсылықты тілеймін!»
Бұған қоса әдет-ғұрып және салт-дәстүр ортлығының екінші залында аналардың құрметіне арналған көрме ашылды. Көркемсурет мектебінің шәкірттері мұнда қолөнер туындыларын ғана қойған жоқ, өздері көпшілік алдында шеберлік-сабақтарын өткізді. Айта өтейік, жас шеберлердің көрмесі әлі апта бойы орталықтың төрінен табылмақ.
Бақнұр Жарқын, көркемсурет мектебінің оқушысы: «Мен гобелен тоқып отырмын. Келген адамдар қызығып, мұның тоқылу жолын сұрап жатыр. Тіпті үйренуге құлық танытқандар да болды. Бұл еңбектегі суреттердің барлығы да гүлдер мен сұлулыққа толы табиғаттың бейнесі. Шығарманы бірнеше күннің ішінде аяқтаймын, одан соң дайын дүниені 8 наурыз мерекесінде анама тарту етемін.»