Киллер жалдауға қатысты істің соты басталды

405

Шымкентте ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта орындалмаған тапсырыспен кісі өлтіру қылмысына қатысты сот отырысы басталды. Еске сала кетсек, 2014 жылдың қазан айында полиция қызметкерлері ПетроҚазақстан Ойл продактс компаниясының қызметкерін тұтқындаған болатын. Тергеушілердің мәліметінше, ол өзінің бастығын өлтіру үшін киллер жалдамақ болыпты.

Өткен жылдың күзінде полицияға Шымкенттің бір тұрғыны тапсырыспен кісі өлтірту үшін киллер іздеп жүргені анық болады. Тез арада сол тапсырыс берушімен полицияның шұғыл қызметкері байланысқа шығады. Кісі өлтіртпек болған адам ойынан қайтпаған соң жалған киллер де осы іске араласады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=F351PgLuok0[/youtube]

Кенжебек Оңдасынов, ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы: «Біздің шұғыл қызметкер тапсырыс берушімен кездеседі. Ол кісі өлімін 20 мың АҚШ долларына бағалап, «киллер» есебінде барған полиция қызметкеріне алдын ала 5 мың АҚШ долларын берген.»

Бұдан әрі тәртіп сақшылары құрбанды кісі қолынан мерт болғандай етіп, суретке түсіреді. Содан кейін шұғыл операция өткізіп, киллер жалдаушымен кездеседі. Сол жерде қалған ақшаны беріп тұрған тапсырыс берушіні полиция қызметкерлері тырп еткізбей қолға түсірді.

Анық болғаны, қолға түскен адам мен оның құрбаны Шымкенттің мұнай өңдеу зауытында жоғары лауазымды қызмет атқарған. Дәл осы жұмыс барысындағы келіспеушіліктен соң айыпталушы өзінің бастығын өлтіртпек болыпты. Атышулы іс ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта судья Әбсаттар Шахидиновтың төрағалығымен басталды.

Шакиржан Махаматалиев, жәбірленуші тараптың адвокаты: «Біз осы істі соңына дейін жеткізіп, айыпталушының заң бойынша толық жазаланғанын талап етеміз.»