Өз бастығын тапсырыспен өлтіртпек болған тұрғын ұсталды

308

Оңтүстіктің полицейлері өз бастығын киллер жалдап, көзін құртпақ болған азаматты ұстады. Ірі компанияның лауазымды қызметкері өзінің басшысынан құтылмақ болыпты.

Криминалды полиция қызметкерлері тапсырыспен кісі өлтіру қылмысының алдын алды. 2014 жылдың қыркүйек айында ішкі істер департаментіне ауыр қылмысқа дайындық жайында ақпарат келіп түседі. Осыған орай криминалды полиция қызметкерлері жедел кешенді шаралар жүргізді. Тәртіп сақшыларының анықтағанындай, облыс орталығының тұрғыны, 1967 жылы туылған азамат тапсырыс бойынша кісі өлтіруге киллер жалдамақ болады.

Аталған азамат үлкен компаниялардың бірінде қызмет атқарған. Қызметте тіл табыса алмаған басшысын күдікті киллер жалдап өлтірмек болады. Осы орайда киллердің қызметін «атқаруға» жедел уәкіл кіріседі. Тәртіп сақшысы тапсырыс берушімен кездеседі.

47 жастағы өзінің басшысының өмірін 20 мың АҚШ долларына «бағалап», 5 мың АҚШ долларын алдын ала беріп, қалған ақшаны істі бітірген соң беретін болып келіседі. Аталмыш қылмысты болдырмау және де кісі өлтіруге тапсырыс берушіні құрықтау мақсатында тәртіп сақшылары арнайы шара өткізді.

dvd-2

2014 жылдың 6-қазанында жедел уәкілдер кісі өлімін жалған ұйымдастырып, оны суретке түсіреді. Сөйтіп, тапсырыс берушіге дәлелдеме ретінде сол суреттерді апарып береді. Суреттерді алған тапсырыс беруші келісім бойынша қалған ақшаны берген. 7-қазан күнгі шұғыл-іздестіру шаралары кезінде кісі өлтіруге тапсырыс беруші қолға түсті.

dvd-1

Аталған жайтқа байланысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 24, 96-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.