Көңілдесін тапсырыспен өлтірткен

291
Шұғыл түсірілім

Шымкентте тапсырыспен кісі өлтіргендер құрықталды. Олардың қолынан қаза болған 23 жастағы жігітті полиция із-түзсіз жоғалған адам ретінде 5 ай бойы іздеген. Таяуда тәртіп сақшылары алдымен марқұмның көлігін тауып, сол арқылы миллионға бағаланған қылмысты ашты.

Шұғыл түсірілім
Шұғыл түсірілім

Жарты жылға жуық ізім-ғайым жоқ болған азаматты құқық қорғаушылар өлген болуы мүмкін деп те болжаған. Қылмыстық іс қозғалып, таныстары тергелген. Сол кезде оның үйінен көлікпен кеткені белгілі болады. Сол көлікті тапқан тәртіп сақшылары шытырманға толы қылмыстың шешуін де тапты. Сөйтсе, 23 жастағы жігітті 5 ай бұрын ашынасының бауыры өлтіріп, көміп тастаған екен.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Күдікті азаматшаның айтуына қарағанда, бір жарым жыл бойы олар марқұммен азаматтық некеде болған. Соңғы кезде жанжал жиі болатын. Марқұм мұны ұра бастаған. Тіпті, әйелдің бизнесіне қол сұға бастаған көрінеді.»

Тергеушілердің болжамынша, ашынасы тым шектен шыққан соң кәсіпкер әйел одан құтылмақ болады. Өлтіруге тапсырыс береді. Бұл шаруаны 39 жасар келіншектің бауыры мойнына алыпты. Күдікті келіншектің киллер бауыры жездесінің өмірін бір миллион теңгеге бағалаған. Ал «адам өлтіруге тапсырыс берді» деген күдікпен ұсталған әйел өзінің бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып ақталуда.

Күдікті келіншек: «Мен оны өлтіру үшін 1 000 000 ақша берді дегенді осы жерде білдім. Енді бірде 8 000 мың дейді мұндағылар. Менің бизнесімнің айналымында мұндай қаражат жоқ. Керек болса 5 000 мың теңге тауып бере алмас едім. Ал Нұрболдың өмірі мен үшін бұдан да қымбат. Керісінше, 1 000 000 теңгені оның өмір сүргені үшін аямас едім.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7tx7_ehfr2o[/youtube]

Танысын қасына қосып алған жаналғыш 23 жасар жәбірленушіні қала сыртына балық аулаймыз деп алдап апарып, буындырып өлтірген. БІр қызығы, қандықол қылмыскерлер марқұмның көлігін Шымкент қаласының тұрғынына 90 мың теңгеге сатып жіберіпті. «ВАЗ-09» көлігін арзанға алған азаматтың ойына темір тұлпардың тарихы кіріп те шықпаған секілді. Қылмыскерлердің ізіне түсуге мүмкіндік берген де сол көлік болды.

Күдікті жігіт: «Сол күні біз балық аулауға баратын болдық. Жол-жөнекей қармақ, күрек сатып алдық. Оқиға орнына келгенде Сергей оны мойнынан буындыра бастады. Мен де көліктің қауіпсіздік белдеуімен қылқындырдым.»

Жансыз денені жауыздар Ордабасы ауданының аумағана көміп кетіпті. Қазір кісі өлтіруге тапысырыс берген азаматша да, қылмысты іске асырғандар да қамауға алынды. Аталған жайтқа байланысты адам өлтіру дәйігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізілуде.