«Қарным шұрқырап, екі бүктеліп қалатын күндер көп еді»

Махиш Джалайыров
Махиш Джалайыров
Махиш Джалайыров

Махиш Джалайыров қазір Шымкент қаласында тұрады. «Соғыс!» деген суық сөзді естігенде  небәрі 13 жаста еді. Әйтсе де ол жастығына қарамастан, әскери комиссариатқа барып, майданға сұранады.  Ондағылар болса: «Сенің жасыңдағылар тылда жұмыс істеуі керек» деп қайтарады. Алайда ол бәрібір майданға барғысы келген ниеттен қайтпайды. Қасарысып тұрып алады. Ойындағысын орындамай қоймайтын табанды баланың қайсарлығын сезген комиссариаттағылар: «Қазір елдің жағдайы тым ауыр. Елдің бас көтерер азаматтары жаумен шайқасып жатқанда, ауылға тұтқа болар еңбекқор, батыл азаматтар керек. Біле білсең,  жеңіске тек жауынгерлер емес, тұтас ел де үлес қоса алады» депті. Осы сөздерді жадында сақтаған бала Махиш еңбекке араласады. Жұртшылықпен бірге күндіз-түні тырбана  еңбек етіп, әскердегі азаматтарды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етеді.

Жастайынан ата-анасынан айырылып, тағдырдың тауқыметін де, өзге қиыншылықтарды да көрген ақсақал соғыс жылдары көрген сұмдықтың бәрінен де ауыр болғанын айтады:

– Ол бір қарғыс атқыр күндер еді, – деп бастады әңгімесін зұлмат күндерді еске алған Махиш ақсақал. – Ол кезде 13 жасар бала едім. Комиссариаттағылар «жассың» деп соғысқа жібермеді. Бірақ еңбекке араластым. Жер жырттым, егін ектім. Алақанымның тілім-тілімі шығып қара қан болатын. Талай рет қыстың күні жалаңаяқ бірнеше киллометр жерден су тасығанмын. Қарным шұрқырап екі бүктеліп қалатын күндерде өтті. Соғыстан қаралы хабарлар жетіп, жаралы жауынгерлер елге оралып жатқанын да көрдім. Басқа қиыншылықты ұмытсам да, сол қилы кезеңді ұмыту мүмкін емес, – дейді ол.

Соғыс жылдары өзінің еңбекқорлығының арқасында абыройға бөленген Махиш соғыс аяқтала салысымен Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмысқа орналасады. Аталмыш мекемеде жұмыс істеп жүріп, көзін зақымдап, қос жанарынан айырылады. Осылайша зауытта 30 жыл тынымсыз жұмыс істеген кейіпкеріміз денсаулығына байланысты  зейнеткерлікке шығады.

Майданда да, бейбіт өмірде де ел үшін аянбай тер төккен Махиш ақсақал бүгінде Шымкент қаласында немере-шөберелерінің ортасында тәуелсіздігімізге шүкіршілігін айтып, әдемі қартайып отыр.

– Енді жер бетінде соғыс болмасын, Елімізде бақ-береке орнап, ұрпағымыз бақытты болсын, – дейді қария.

Ендеше, екінші дүниежүзілік соғыста тылда аянбай еңбек етіп, тәнінен қан, маңдайынан тер сорғаласа да жігері мұқалмаған осындай қазыналы қарияларымыз аман болсын дегеміз келеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015