Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің тұрғындары азайды. Мұндай қуанышты хабарды мемлекеттік баспанының басшылығы мәлімдеп отыр. Айтуларынша, соңғы 1 жылда қарттар үйінің көмегіне жүгінушілердің қатары сейілген.
Бұған көпшіліктің ата-аналарына деген құрметінің артуы ғана емес, құжат рәсімдеудің шиеленісіп кетуі де себеп болса керек. Анығырақ айтсақ, басында баспанасы немесе жылжымайтын мүлік тіркелген жалғызілікті қарттар мекеменің тұрғыны атана алмайды.
Бүркітбай Мамырбеков — облыс орталығындағы қарттар үйінің тұрғыны. Мемлекеттік баспананы паналап жүргеніне 11 жылдан асқан. Ұзақ уақыт құрылыс саласында қызмет еткен қария мұнда да қарап жатпайды. Қаламызда бой көтерген түрлі нысандарды теледидардан бақылап, бағасын береді. Жасы жетпісті желкелеген қарттың қазіргі арманы жалғыз — немерелерін құшу. Бірақ, перзенттерінің қадамына деген реніші олардың есімін еске алуға мұрша бермейтін көрінеді.
Бүркітбай Мамырбеков: «Балаларым бар десем — жоқ, жоқ десем — бар деген жағдаймен осы мекемеге келгенмін, тіпті, олардың есімдерін де айтқым келмейді, ол жөнінде есіме де түсіргім жоқ. Ашып айтсам, көңілім босап кетеді. Тағдырдың тәлкегіне тап болып, тағдыр айдап, осы үйдің есігін қақтым, амалсыз. Еріккеннен ешкім келмейтін шығар. Мұнда әзірге барлығы жақсы, бос уақытымызды да тиімді жұмсаймыз. Апта сайын төсек-орнымызды ауыстырып, киімдерімізді жуып-үтіктеп беріп тұрады. Рахмет. Ендігі арманым — осы жаста ешкімге салмақ салмай, ешкімге телмірмей, өз аяғымызбен жүріп-тұрып, Алланың аманатын аман-есен тапсырсақ дейміз.»
Дәл осындай күймен, түрлі жағдаймен бүгінде облыстық қарттар үйін паналаушылар көп. Олар үшін мұнда спорттық сыныптар, медициналық ем және асхана сынды бөлмелер жұмыс жасайды. Анығырақ айтсақ, әрбір қарияның бір айлық өмір сүруіне қазынадан 60 мың теңге қаралған. Ал жылына баспана тұрғындары үшін 245 миллионға жуық қаржы бөлініп келеді. Медициналық-әлеуметтік мекеме басшылығының сөзіне сенсек, қуантарлығы — соңғы уақытта қарттар үйінің көмегіне жүгінушілер саны азайып отыр.
Нұргүл Дәрібаева, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі директорының орынбасары: «Былтырғымен салыстырғанда биылғы келіп жатқан қарттардың саны аз. Енді 10 пайыздай төмен деп айтуға болады. Бұл кісілерге біз 7 қызмет түрін ұсынамыз: медициналық, психологиялық, тұрмыстық, еңбек, мәдени, экономикалық және заңгерлік. Қарттар 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Тұрмыстық жағдайлары бойынша да ештеңеден тарықпайды».
Айта кетейік, бүгінде қарттар мен мүгедектерге арналған мекеменің 250 тұрғыны бар. Оның 110-ы бірінші және екінші топ мүгедегі.