Еркектер неге әлсіз?

644

Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында еркектердің мәселесі қаралды. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық маман «Еркектер неге әлсіз?» деген сұрақтың жауабын іздеді.

impotencziya

Облыстық клиникалық ауруханасына арнайы іс-сапармен келген  Қазақстан урологтары қауымдастығының төрағасы, еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев жергілікті әріптестеріне еркектің денсаулығы әлеуметтік мәселеге айналып бара жатқанын айтып, уролог-андролог, эндокринолог, кардиолог мамандарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Еліміздің бас урологының айтуынша, біздің кардиолог, эндокринолог дәрігерлеріміз науқастың «еркектік» жағдайын сұрамайды. Нәтижесінде, түсініспеушіліктер орын алады.

Сондай-ақ, маман елімізде  халықтың репродуктивті денсаулық деген кезде тек әйелдердің денсаулығы ескеріліп, еркектер шет қалатынын жасырмады.

Мырзакәрім Алшынбаев, еліміздің бас урологы:

Мырзакәрім Кәрімұлы Алшынбаев«Бүгінде ер-азамат қауы­мының денсау­лы­ғы сын көтермейтін дәрежеге жетті. Нәтижесінде еркектер әйелдерге қарағанда 12 жыл аз өмір сүреді. Мәселен, әйел ауырса болды, дәрігерге, гинекологқа қаралады. Ал біздің азаматтарымыздың өз денсаулығын тексеруге «уақыты жоқ.» Содан келіп белсіздік, бедеулік деген мәселе туындайды. Біле білсеңіз, еркектер әйелдерге қарағанда 3 есе аурушаң келеді. Мұның барлығы да ер-азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарағанынан.»

Маман, сондай-ақ, еркектердің қазіргі басты мәселесі белсіздік пен бедеулік екенін айтты. Маман келтірген мәліметтеріне көз жүгіртсек, 2014 жылы елімізде тексеруден өткен 88 мың азаматтың 56 пайызына белсіздік, 30 пайызына бедеулік деген диагноз қойылған.

Олардың 70 пайызына аурудың жеңіл түрі деген диагноз қойылса, 25 пайызына медициналық көмек көрсетілген. Қалған 5 пайызына ота жасалыпты. Ал былтыр өңірімізде тексеруден өткен 1200 азаматтың тең жартысында простата аденомасы анықталған.

Маманның айтуынша, еркектердің репро­дукциялық денсау­лығы жақсы болса басқа мүшелері де, қаны, қанты, қан қы­сы­мы, бәрі дұрыс болады. Еңбекті де жақсы атқарады. Үйде береке, ерлі-зайы­п­ты­лардың арасында түсіністік орнайды деген бас уролог залға жиналған дәрігерлерді «еркектік» денсаулығын тексеруге шақырды. Сондай-ақ, ол ішімдік ішіп, шылым шегуден бас тартуға, салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдану керек екенін айтты.