Жас отбасыларға қажетті медициналық көмек

1846

15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Атаулы датаға орай №6 қалалық емханада жас отбасылар үшін ашық есік күні өтті. Денсаулық мектебіндегі мамандар жүкті әйелдерді қабылдап, балалардың денсаулығын тексерді. Сондай-ақ, шараға қатысқан репродуктолог жасанды жолмен босанғысы келетін аналарға кеңес беріп, тегін квота алудың жолдарын түсіндіріп берді.

Бала көтерген аналар өздеріне көп көңіл бөлуі керек. Өйткені өмірге дені сау ұрпақ әкелуі шарт. Осыны ескерткен дәрігерлер әрбір аяғы ауыр келіншекпен жеке-жеке жұмыс істеуді жолға қойған. Әсіресе, жас отбасыларға жіті көңіл бөлініп отыр. Олардың салауатты өмір салтын ұстануы ұлт үшін оң ықпалын тигізері хақ.

№6 емханада өткен шара аясында ақхалаттылардың бір күндік жұмысы көрсетілді. Әйелдерге жүктілікті дұрыс жоспарлаудан бастап, бала күтімі бойынша медициналық кеңес берілді. Халықаралық отбасы күнін елеусіз қалдырмаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары саулығы мықты анадан он екі мүшесі сау бала туатынын айтып түсіндіріп жатты.

Мамандар соңғы кездері бедеуліктің көбейгендігін жасырмайды. Әсіресе белсіздік дерті ерлер арасында өршіп барады деп отыр. Ал бедеулік диагнозы қойылған азаматша жасанды жолмен бала көтере алады. Бұл үшін мемлекеттен тегін квота беріледі. Мәселен, өткен жылы 139 анаға жасанды жолмен бала көтеру үшін тегін жолдама берілсе, биыл мұндай мүмкіндікке 160-қа жуық азаматша қол жеткізген.

Айта кетейік, әр емханада денсаулық мектебі бар. Мұнда медициналық кеңестен бөлек, күйзеліске ұшыраған жанұя мүшелеріне психологиялық көмек көрсетіледі. Мұндағы мақсат, отбасын сақтап қалуға үлес қосу.