БЕДЕУ, БІРАҚ БАЛАЛАРЫ БАР

246

Қаншама мыңдаған адам болса, соншама тағдыр бар. «Тағдыр» айдары бойынша келіп түскен хаттардың барлығы шынайы. Өмірде болған оқиға. Кейіпкерлердің өтінішімен кейбірінің аты-жөнін жасырып, суретін жарияламауымызға тура келеді. Өз аты-жөнін айтпауды өтінген келесі кейіпкеріміз біздің оқырмандармен жан сырын бөлісті.

– Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы! «Тағдыр» айдары көптеген оқырмандарыңыздың күтетін айдарына айналды. Неше түрлі оқиғаларды оқып, кейіпкермен бірге жылап, бірге қуанып келеміз. Бірақ арасында дәл менің ағамның басынан өткендей ауыр және алдамшы тағдыр болмаған шығар. Мен басылым арқылы жан дегенде жалғыз ағамның ауыр тағдырын баяндап берсем, – деп бастапты хатын.
– Ағам кішкентайынан бауырмал, елгезек және өте білімді болып өсті. Екі қарындасына ерекше қарайтын. Бізді ешкімнен кем қылмас үшін 7 жасынан бастап жұмыс істеді. Базарда ата-анамызға көмектесіп, үйде бізге қарайтын. Сабақты да өте жақсы бағаға оқыды. Сіңлім екеумізді өзі оқытып, өзі үйретті. Оқуда үздік болуымызға барын салды. Еңбекқорлығының арқасында болар небәрі 25 жасында құрылыс материалдарын сататын дүкен ашты. Бизнесі де жақсы жүрді. Қаржыны да жақсы тапты. Ата-анамызды көптеген шет мемлекетке қыдыртты. Екі қарындасын жоғары оқу орнында оқытты. Біз екі қыз педагогика саласында қызмет етік. Құтты орындарымызға қондырды. Содан кейін барып өзі үйленді.
Ағам отбасын құрғанда ерекше қуандық. Өйткені ол бірінші орынға отбасын қойған адам. Сондықтан оның бақытын тіледік. Арада жыл өтіп, ағамыздың тұңғышы өмірге келді. Қуанышымызда шек болмады. Ата-анам да, қарындастары да ерекше қуандық. Ағамызға ұл сыйлаған жеңгемізді төбемізге көтердік. Екі жылдан кейін екінші баласы да дүние есігін ашты. Қуаныш үстіне қуаныш еселенді. Осылайша ағам отбасымен бақытты өмір сүріп жатты. Бизнесі де кедергісіз жүрді. Бәріміз бақытты едік. Алайда, бір күні төбемізден тас түскендей жағдайға тап болдық.
Күнделікті жұмыс барысында жүрген ағамыз тамақтан уланып, ауруханадан бір-ақ шықты. Біз артынан ауруханаға барғанымызда жағдайы жақсарған еді. Алайда, дәрігерлер денсаулығында басқа да кінәрат болуы мүмкін деген оймен ақыры келген соң анализ тапсыруын сұрады. Ағам тыңдағысы келмесе де мен өтіндім. Өйткені анам денсаулығына алаңдайтынын айтатын еді. Бүйрегі ауыратынын жиі ескертіп отыратын. «Ауруханаға баршы, қаралшы, денсаулықпен ойнама!» деп қақсап отырушы еді. Сол күні мен қоярда қоймай анализ тапсыруын өтіндім. Ағам мені тыңдап тексерістен өтті.
Ойымызда ештеңе жоқ, анализ тапсырып кеттік. Арада бірнеше күн өткеннен кейін дәрігер ағамды шақырып есімізден танарлықтай жаңалық айтқан. Яғни ағам белсіз екен. Ағам басында күлген, қабылдағысы келмеген, сенбеген. Кешке мені сыртқа шақырды. Үйге де кірген жоқ. Түр әлпеті сұп-сұр болып кеткен. Дәрігердің айтқан жаңалығымен бөлісті. Сол кезде төбемнен жай түскендей болды.
«Қалайша бұлай болады, менің балаларым бар ғой, әйелімнен де күдіктенгім келмейді, біз бақытты өмір сүріп жатырмыз» деп жылай берді. Мен өзімнің жайым келісіп тұрмаса да ағамды жұбаттым. Ішіне түскен күдік оны өлтіретін еді. Әйеліне айтпай-ақ алдымен әкелік сараптама жасатуға көндірдім. Осылайша біз бір ай бойына сараптаманың нәтижесін күттік. Осы бір ай ағама да, маған да тозақ сынды болды десем артық емес. Нәтиже дайын болған күні ағам менің алуымды өтінді. Мен алдым және ағамнан бұрын аштым. Көрген сәтте екінші рет төбемнен мұздай су құйылғандай күйге түстім. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой. Біз соңына дейін үміттендік. «Дәрігер қателессе екен» деп күні-түнімен тіледік. Алайда өзіміз күткен жауап ала алмадық.
Осыдан ағам қатты күйзеліске ұшырады. Өзінің балаларындай көрген балалар өзінің баласы болмай шықты. Жүрегіміз жылады. Жанымыз жараланды. Ағам күн сайын шөгіп, құлдырады. Әйелімен ажырасуға арыз жазды. Ал жеңгесымағымыз ағамыздың белсіз екенін біліп, оған шындықты айтқысы келмегендіктен сондай қадамға амалсыз барғанын айтып ақталды. Бірақ қанша ақталса да оның кінәсі кешірерліктей емес еді.
Мен оны бала-шағасымен бірден қуып, тентіретіп жіберуін айттым. Бірақ ағамның адамгершілігінің молдығы болар, ақкөңілділігі шығар ол өзін әкесі ретінде танып өскен балаларын далада қалдырғысы келмеді. Сол кезде тұрып жатқан үш бөлмелі үйін соларға табыстап, өзі кетіп қалды.
Бірақ сол жағдайдан кейін оңала қоймады. Күн санап қартайды. Бизнесі де бұрынғыдай алға баспады. Бір сөзбен айтқанда өз-өзін тастап жіберді.
Ағамыздың көз алдымызда солып, жоғалып бара жатқанына көз жұмып қарай алмасымыз анық. Екі қарындасы бірден «оны қайта үйлендіруді дұрыс» деп таптық. Бірақ ағам тағы отбасын құруға дайын еместігін айтты. Ел жұртқа қарабет болғанын айтып, еркек адам болса да жылай беретінді шығарды. Біз дәл осы жағдайда ағам емес қайта оған осы арамдықты жасағандардың қарабет болғанын түсіндіріп бақтық. Оның қайтадан өмірге байлануына барымызды салдық. Адам қалпына алып келуіміз үшін арада екі жылдай уақыт өтіп кетті. Дәл осы кезде ата-анамыз осы сұмдықты көрмей өмірден өтіп кеткеніне қуандық.
Біз ағамызға өзінен едәуір жас, тәрбиелі және тұрмыс жағдайы төмен отбасының қызын алып бердік.
Шүкір, ол қыз ағамның жарасына дәрі болды. Оның өмірге деген құштарлығын оятты. Бірге бала асырап алуға көндірді. Отбасын құрып, бірнеше ай өткен соң бірге бала асырап алды. Ұмыт болған әкелік мейірімін ашты. Ағамыз өзін-өзі тастап өмірден баз кешкенде бизнесі де жайына қалған еді. Алайда екінші жары оны ақшасына қарап бағаламады. Оны шынайы жақсы көрді. Күйеуінің бақыты үшін барын салды. Сол жас қызды әйел қылып алып бергенімізде ағайын-туыстың барлығы оның да дүниесіне бола тұрмысқа шыққанан айтып, тоқтатпақ болған. Бірақ жеңгеміздің ағам үшін жасағандары көптің аузына құм құйды. Ағам одан кейін бизнесін жалғастырған жоқ. Бақуатты емес. Ең бастысы отбасымен бақытты. Ешкімнен сұрау сұрап отырған жоқ. Басында баспанасы бар. Өзі жақсы көретін жұмысы бар. Қыздарын бірге өсіріп, қызығына тоймай отыр.
Айтпағым, әйелден қулық озған ба? Бірақ әйел азаматтары сол қулықты болатын жағына пайдаланса, біреудің сезімімен, өмірімен ойнамаса екен. Ондайлардың жазасын жаратқан жақсылап береді. Сондықтан, бір іске бармас бұрын жақсылап ойланыңыз. Өтірік ешқашан адаммен бірге көрге кеткен емес. Өзің өлсең де сенен басқаға көшеді. Сол себепті адамдар, ойланыңдыр!

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

№24, 12 маусым 2019ж