Иран этномәдени орталығы тек Оңтүстікте ғана бар

ОҚО иран этномәдени орталығы 1997 жылдың қазан айында құрылған. Әуелде орталықты Мустафа Асад басқарды. Парсы тілін жетік білетін белсенді төраға Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бүгінде  орталыққа Нурсбек Капар-Пур төрағалық етеді. Наурыз мейрамында дүниеге келген төрағаның есімі де осыған байланысты қойылған. Көпшілік Наурызбек деп атайды.

15-007

Нурсбек Құрбанұлы иран халқының қазақтардың арасына келуін үш толқынға бөледі. Біріншісі, 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі кезең. Яғни, Парсы патшалығы мен Қытай арасында сауда-саттық жасаған иран саудагерлерінің бір парасы Оңтүстікте қалып қойған.

Екінші толқын, өткен ғасырдың 30-жылдарына тұспа-тұс келді. Ашаршылық жылдарында парсы саудагерлері қазақ жеріне мал айдап өтіп, сатады.

Олардың бірқатары Отанына оралмай, қазақтар арасында тұрақтап қалады.  Бірінші толқында қалған ирандар – парсы жерінің түкпір-түкпірінен келген болса, екіншісінде Иранның Түрікменстанмен шекараласатын аумағынан қоныс аударғандар. Өйткені, осы аумақ мал айдап өтуге жақын болған. Бірінші және екінші толқында келгендерден көзі тірісі қалған жоқ. Үрім-бұтақтары ғұмыр кешіп жатыр.

– Ал, үшінші толқын II дүниежүзілік соғыстан кейін болды. Біздің әкелеріміз Оңтүстік Қазақстанға 1947 жылы келген. Оған себеп, КСРО билігі Иран мемлекетін жік-жікке бөлуге әрекет жасайды. Иранның солтүстігінде негізінен әзірбайжандар тұрады. Осы Солтүстік Иран мен КСРО құрамындағы Әзірбайжанның арасын Аракс өзені ғана бөліп тұр. Көзкөрген қариялардың айтуынша, кеңес билігі иран әскерилерімен келісімге келіп, шах билігіне қарсы көтеріліске шығуға үндейді– дейді Нурсбек Капар-Пур.

Қосымша көмек жеткіземіз деп уәде береді. Әскерилер көтерілгенімен, КСРО тарапынан көмек келмейді. Шах әскері оларды басып алуға таяғанда көтерілісшілер өзеннен өтіп, социалистік Әзірбайжан жеріне аяқ басады. КСРО тарапы оларға шекараны ашып, ішке өткізеді. Артынша шекараны қайта жауып тастайды.

Осылайша Отанынан қол үзіп қалған 1000 шақты жауынгерді жүк вагондарымен Ухта қаласына орман ағаштарын кесуге жөнелтеді. Арада жыл өткенде Ухтаның суық қысы мен тұрмыстық жағдайдың нашарлығынан мың адамның жеті жүзге жетер-жетпесі тірі қалады. Арып-ашыған жауынгерлерді пойызбен Түрікменстан мен Өзбекстанға жібереді.

Бірақ, жас иран жігіттері мінген пойыз Арыс стансасында тоқтап қалады. Олар осында түсіп, жұмысқа араласады. Шымкент қаласында пресс-автомат зауытының құрылысына қатысады. Екі жылдан соң олардың бас бостандығын шектеу мерзімі аяқталып, шағын-шағын топтармен совхоз-колхоздарға таратады. Өйткені, ауыл-ауылдарда жұмыс күші жетіспей жатқан еді. Бөлініп, бекітілген елдімекеннен тысқа шығуға тыйым салынды.

Нурсбектың айтуынша, сол бір кез Оңтүстік Қазақстанға Кавказ бен Татарстаннан көшіп келушілердің көп болып жатқан уақыты екен. Жас жігіттер орыс, қарашай, татар, молдаван, өзбек қыздарына үйленеді.

Нурсбектің әкесі Құрбан темір ұстасы болған. Қазіргі Бәйдібек ауданының Шалдар ауылына жіберілген. 1952 жылы татар қызы Зылихаға үйленіп, тоғыз перзент сүйеді. Сондықтан да Қазақстандағы иран отбасыларының өзі көпұлтты диаспора. Өкінішке қарай, парсы тілін ұмытты – дейді Нурсбек Құрбанұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ирандардың дені Сарыағаш, Арыс, Сайрам, Мақтарал және Бәйдібек аудандарында қоныстанған. Дені ауыл шаруашылығымен айналысып жатыр. Мысалы, Сарыағаш ауданында жылыжай ұстайды. Арыс ауданында жоңышқа, қауын-қарбыз егеді.

Изображение 816
Нурсбек Капар-Пур, ОҚО иран этномәдени орталығының төрағасы

– Осы күнде Қазақстанда ресми санақ бойынша 4670 иран бар. Әйткенмен, Қазақстандағы ирандардың жалпы саны 10 мың адам шамасында. Барлығы дерлік қазақ тілінде сөйлейді. Қазақстан бойынша тек біздің облыста ғана иран этномәдени орталығы жұмыс істейді. Өйткені, ирандардың 80%-ы Оңтүстікте. Мына Жамбыл, Қызылорда облыстарында санаулы ғана иран отбасылары тұрады.

Иран этномәдени орталығында парсы тілін үйрететін жексенбілік мектеп бұған дейін белсенді жұмыс істеген. Орталық алғаш құрылғанда Иран елшілігінен арнайы парсы тілінің оқытушылары келіп, дәріс оқытқан. Содан кейін Иранда білім алған жастар келіп, парсы тілін үйреткен. Қажетті оқулықтардың барлығын Иран Ислам Республикасынң Қазақстан Республикасындағы елшілігі қамтамасыз ететін. Дегенмен, соңғы бір жылда жексенбілік мектептің жұмысы әлсірепті. Оған парсы тілі маманының жоқтығы себеп. Алдағы күз мезгілінде жексенбілік мектептің жұмысы қайта жанданады.

Әр жылы облыстағы этномәдени орталықтар арасында спартакиада өтеді. Иран этномәдени орталығы осы спорттық сайыста әрдайым жүлделі орын алады. 2013 жылы 20 этномәдени орталықтың ішінен III орынға ие болса, өткен жылы II орын алыпты.

Нурсбек Капар-Пурдың сөзінше, Ирандағы туған-туыстары Қазақстанға келген сайын таң қалып, тамсанып кетеді. Қазақтың ұлан-асыр жерін көріп, таң-тамаша болады. Бірде Ирандағы ағайындары қонаққа келгенде, Астанаға барады. Ұшақпен де, пойызбен де жүрмей, жеңіл автокөлікпен жолға шыққан. Сонда Астанаға жеткенше кең даламен жүріп барған олар: Неткен байлық, бізде мұндай жер жоқ қой. Сендер мына Жердің бетінде жүріп шалқып өмір сүріп жатырсыңдар. Бұл Жердің асты ен байлық, дегенін естігенде кеудесін мақтаныш кернеген екен.

Айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстаннан Иранға көшкен иран отбасылары жоқ. Көшіп келгендер де жоқ.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015