Мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделген үйдің шатырынан су өтіп кетті

210

Тұрғын үйлерді мемлекеттік жаңарту бағдарламасы аясында жөнделген үйде олқылықтар көп. Былтыр жөнделген Парижская коммуна көшесіндегі екі қабатты үйдің шатырынан су өтіп жатыр. Тұрғындар мердігерлер жоспардағы жұмыстарды толықтай аяқтамай кетіп қалған дейді. Енді сапасыз құрылысқа наразы халық төлем жасамауға бекініп отыр. Ал қаржыландырушы мекеме кеткен шығынды сот арқылы өндіріп алмақ.

 

vlcsnap-2015-04-14-13h11m43s101

Зоя Кин екі бөлмелі пәтерін жаңартудың алдында ғана күрделі жөндеуден өткізген. Сапасыз жабылған шатырдан үйімнің төбесіне су ағып, еңбегім еш кетті дейді. Қабырғасы жарылып, тіпті, жиһазы да бүлінгенін айтады. Сондықтан, мердігерлер үйімді қалпына келтіріп бермесе, ешқандай төлем жасамаймын деп отыр.

Парижская коммуна көшесіндегі үй 2013 жылы жаңарту бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, 2014 жылдың қазанында қабылданған. Алайда, тұрғындардың сөзіне сесек, мердігерлер жұмысты орта жолдан тастап кеткен. Жоба бойынша «Жерлес құрылыс» ЖШС үйдің шатырын жаңалап, хасбеті мен дәлізін жөндеуі қажет болатын. Алайда, дәлізді тұрғындар өздері бояп алыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MAu-Gs6Jc6Q[/youtube]

Қаржы қалай жұмсалған? Тұрғындар осы сұраққа бас ауыртып отыр. Екі жарым миллион теңгеге тек шатыр мен есікті жаңартып кеткен мердігерлерлердің сапасыз жұмысына бір тиын да төлемейміз дейді олар.

Ал қаржыландыру мекемесі «Күрделі құрылыс» ЖШС төлем жасамаған тұрғындарды сотқа беріп отыр. Айта кетейік, мұндағы 16 пәтердің 70 пайызы жаңғырту жұмыстарына келісім берген. Енді тұрғындардың тең жартысы есеп айырысуға құлықсыз. Қаржыландыру мекемесі қазір мердігер компанияға орын алған ақауларды ретке келтіру үшін ұсыныс беріп отыр.

Келісілген соманы тұрғындар 15 жылдың ішінде төлеуі тиіс. Алайда, халық сметалық құжатта көрсетілген жұмыстар толықтай атқарылмайынша, есеп айырысуға асықпаймыз дейді.