Шымкентте бірқатар кітапхана модернизациядан өтті

372

Шымкентте елорда күні мерекесі қарсаңында бірқатар кітапханалардың модернизациядан кейінгі ашылу рәсімі өткізілді. Заманауи талапқа сай, жаңа дизайндағы бұл кітапханалар бұдан былай оқырман қарасын ағылып келуіне зор ықпал етпек. Мұнда келген ізденімпаз жастар тек білім бұлағынан сусындап қана қоймай, түрлі үйірмелерге қатысып, уақытын тиімді пайдалана алады.

Шымкентте елорда күні мерекесіне орай 3 кітапхананың модернизациядан кейінгі ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, заманауи талапта жаңа дизайнмен әсемделген кітапханаға өзінің оң бағасын берді.

Кітапхана тек кітап оқылатын жер емес, сонымен қатар қоғамдық орынға айналмақ. Мұнда тұрғындардың отбасымен бірге келіп, уақытын тиімді өткізуіне барлық мүмкіндіктер жасалған.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Жалпы биыл өзі ерекше жыл. Себебі, мемлекет басшысы «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады. Кітап кез келген білімнің бастауы, іргетасы. Осы тұрғыда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бастамасымен қаладағы кітапханалар желісін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мынау осы жылы жасалған 6-шы кітапхана. Жыл соңына дейін жаңаратын кітапханалар санын 10-ға жеткізгіміз келіп отыр.  Бұл кітапханалар жаңа форматта жұмыс жасайды».

Кітапханада кез – келген жастағы оқырман үшін арнайы 3 зал бар. Бірінші зал енді әріп тани бастаған 5-6 жастағы бүлдіршіндерге арналса, екіншісі мектеп қабырғасындағы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге лайықты кітап қоры бар. Соңғы 3-ші залда қазақ классика жанрындағы үлгілер жинақталған. Онда осында балаларын алып келген ата-аналардың талғамына сай кітаптар табуға болады.

Гүлсім Шатырбекова,Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасының директоры: «Қазіргі кітапханаға қойылып отырған талаптардың бірі балалардың бос уақытын өте тиімді пайдалану міндеті бізге жүктеліп отыр. Осы міндетті біз алып жүру үшін біздің кітапханамызда көптеген үйірмелер ашылып отыр. Осы үйірмелер арқылы балаларымызды қоғамда белсенді азамат етіп тәрбиелеуге ықпал етеміз деген ойдамыз. Болашақта ақылы да курстар ашып, сол арқылы біздің өзіміздің коэффиценттік көрсеткіштерімізді арттырамыз деп отырмыз. Оның өте пайдасы зор деп ойлаймын. Тапқан табысымыз кітапхананың өзінде қалады. Кітапхана өзінің қажеттіліктеріне болашақта жұмсайды».

Жаңартылған кітапханаларда 75000-ға жуық кітап бар. Жыл сайын жаңа 9000 туынды келеді екен. Кез – келген оқырманның сұранысын қанағаттандырады. Сонымен қатар, рухани азық орталығында қолөнер, сурет салу, шахмат сынды үйірмелер бар. Заманауи үлігідегі бұл кітапханалар осында аяқ басқан жанның көңілінен шығары сөзсіз.

Алихан Файзханов