Үнді мен түріктің сериалдарынан жауыр болған жамағат, енді «Отырар » арнасын қосыңыз! Ұжым өз көрермендері үшін мерекелік тарту жасап отыр. Ғашықтар күніне орай «Мен үйленемін» атты тележобасының тұсауын кесті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=e4KzGO6vdzU[/youtube]
Идея және сценарийдің авторы — «Отырар» медиахолдингінің басшысы Валентина Куликова. Еңбектің ерекшелігі сол — хикаяға кәсіби әртістер емес, тек редакциямыздың қызметкерлері жұмылдырылған.
Оқиға желісі шытырманға толы. Комедиялық жанр боғанымен, өмір шындығы көрініс тапқан. Ұжымның көздегені де осы. Оқиға желісі бойынша ғашықтар өз сезімін бір-біріне білдіріп жатқанда, ата-аналары қақтығысып қалады…
Туындыда басты кейіпкер — Әлия сұлуға ессіз ғашық жігіт. Ол рөлді «Отырар» телеарнасының тілшісі Әлімхан Дүйсенғалив сомдап жатыр. Бүгінде әріптесіміз отағасы атанып үлгерген. Айтуынша, кейіпкерді ойнауда ең қиынға соққан сәт те осы — екінші рет сезімнің жетегіне еру. Егер оқиға шынайы өмірде орын алса, Әлімхан қандай қадамға барады?
Әлімхан Дүйсенғалив, «Отырар» телеарнасының тілшісі: «Мен махаббат үшін күресетін едім. Тіпті ата-анам қарсы болған жағдайда да, мен оларға жағдайды түсіндіріп, сүйгеніммен бақытты болу үшін барлығына шыдаймын.»
Телехикаяның түсірілімі небәрі 1 ай бұрын басталды. Жобадағы қос ғашық Әлия мен Әлімханның қайталанғысыз сезімдерінен бөлек бүгінгі жанұялардағы жағдайлар ашық баяндалады. Үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет — басты орында. Ондағы ата-ана тәрбиесі мен қоғамдағы жеңгелердің рөлі де жаңғырады. Бірақ барлығы да әжуа арқылы ұсынылмақ.
Түсірілім алаңы ретінде қаладағы мейрамханалардан бөлек саябақтар та таңдалған. Жоба режиссерларының бірі, шығармашылық топтың жетекшісі Сарбиназ Алдабергенованың айтуынша, еңбектің ерекшелігі бұл ғана емес.
Сарбиназ Алдабергенова: «Мұндағы ғашықтар — өмірдегі ғашықтар емес, тек рөлді ойнайды. Ал тележоба күлкілі, қызықты шығуы үшін оған ешқандай әуен немесе қоспа бейнелер, бояулар жасалып жатқан жоқ. Тек «Отырар» ұжымының өзінің ойыны, ондағы әзіл, олардың айтқан сөздері, олардың ойнау қабілеті — барлығына сүйеніп қана комедияны жасап отырмыз».
Тележобаның түсірілімі әлі жалғасып жатыр. 10 сериалдан құралған хикая «Отырар» телеарнасында 15 сәуірден бастап, әр сәрсенбі сағат 17:00-де көпшілік назарына ұсынылатын болады.