«Отырар» медиахолдингі – көпұлтты ұжымның достығы

104

Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты тойланбаған Қазақстан халқының Бірлігі мерекесінде биыл да арнайы іс-шаралар ұйымдастырылмайды. Әйтсе де «Отырар» телеарнасының ұжымы мерекені елеусіз қалдырмақ емес. Әріптестерім Жанерке Хумар мен Шуддин Саидов бір үйдің баласындай тату-тәтті қызмет етіп жатқан «Отырар» телекомпаниясының көпұлтты ұжымын таныстырады.

«Отырар» – мемлекет құраушы – қазақ ұлтынан бөлек, түрлі этнос өкілдері қызмет ететін ұжым. 30 жылдық тарихы бар медиахолдинг қашан да кәсіби мамандарымен мақтанады. Ал кәсібилік әрі сапалы жұмыс тек бірлігі жарасқан ұжымда болары анық.

Ахматжан Мурзаев – өзбек этносының өкілі. Бүкіл ұжым оны қатты құрметтейді. Шығармашылық топтың түсірілім болатын жерге жылдам әрі қауіпсіз жетуіне кепілдік беретін білікті маман.

Ал Константин Гавшев кадр сыртында жұмыс істейтін монтаж режиссері. Көрермен оны көрмесе де жасаған жұмыстарымен етене таныс. Мордвин ұлтының өкілі әріптестерінің мейірімділігін бағалайды.

Жаңалықтар қызметінің редакторы Татьяна Корякина өзін интернационал отбасыдан шыққанмын дейді. Сол себепті де «Отырар» ұжымын өз отбасындай сезінеді.

Светлана Ким – ұлты корей болса да, жүрегі қазақ деп соғатын жаңалықтар қызметінің дикторы.

«Отырардың» ең көңілді әрі ең мейірімді тілшісі – Шуддин Саидов. Ол тату-тәтті ұжымымен қашан да мақтанады.

IT-маман Григорий Стенькиннің ұлты – еврей. Ол өмірлік жарын «Отырар» телеарнасында жолықтырған. Қаншама ұлттың өкілі қызмет ететін ұжымда еңбек ететінімді мақтанамын дейді.

«Отырар» медиахолдингінде 10-ға жуық ұлт өкілінен 100-ден астам маман қызмет етеді. Ал көпұлтты ұжымның бірлігі басшыға тікелей байланысты. Медиахолдинг директорының негізгі ұстанымы адамды ұлтына қарап емес, қабілетіне қарай бағалау.

«Отырар» кәсіби мамандар даярлайтын журналистика шеберханасы ретінде белгілі ұжым. Мұндай кәсібиліктің басты себебі – ұжым бірлігі.