Дихандардың егін жұмыстарымен жағаласып, кенелер де бас көтере бастады. Қазірдің өзінде Оңтүстікте 160-тан астам адамды кене шағып үлгеріпті. Сондықтан қауіпті жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталып кетті.
Облыстық ветеринария бөлімі мен тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері Қазығұрт ауданына барып, ұсақ малдар мен ірі қараларды бүрку барысын бақылап қайтты. Кенеден биыл қауіп барын олар да растап отыр.
Облыс аумағында мамандар жинаған үш мыңдай кененің сегізінен қырым қанды қызбасының қоздырғышы бар болып шықты. Қауіпті деген кененің алтауы Қазығұрттан табылды. Бұған қоса 85 адам қансорғыш шақты деп, дәрігерлерге шағымданған. Аурудың белгілері білінген екі адам — Қазығұрттың тумасы.
Есенбай Батырханов, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бас маманы: «2013 жылы қырым қанды қызбасынан 5 адам ауырса, былтыр 8 адам зардап шекті. Ал биыл 2 адам дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оның біреуінің дерті басқа болып шықса, екіншісінен екінші қайтара анализ алынып, 5 күннен кейін белгілі болады.»
Мамандар кене шағу жыл сайын біртіндеп азайып келе жатқанын айтып отыр. Бұл залалсыздандыру жұмыстарының жүйелілігінен болар дейді олар. Мәселен, Қазығұрт ауданында бір мезетте ұсақ малдарды тоғытып, ірі қараны бүркейтін арнайы 9 орын салынған. Мұнда күніне 1500 қой мен ешкі, 500 ірі қараны дәрілеуге мүмкіндік бар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hECdeEnxj-M[/youtube]
Базарбек Омаров, облыстық ветеринария бөлімінің бастығы: «Қазір халық бұл қауіпті дерттен хабардар. Кене шақсын-шақпасын, денеге жабысқан соң адамдар арнайы орындарған барып, қаралады. Емделеді. Жылдағы залалсыздандыру жұмысы да септігін тигізуде. 2014 жылы 2013 жылмен салыстарғанда кене шаққан адам саны азайды. Шынын айту керек, кенені түбімен жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ, біз қолдан келгеннің барлығын жасап отырмыз.»
Биылғы жоспар бойынша облыс аумағында 1 млн ірі қара мен жылқы, 4 млн 200 ұсақ мал бүркіліп, 28 мың шаршы метр қора-жай залалсыздандырылады.