Түркістанда қауіпті жұқпалы аурудан жасөспірім қайтыс болды

47

Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан 1 жасөспірім қайтыс болды. Ол 15 жасар Сауран ауданының тұрғыны. Науқас бастапқыда өзінің неден ауырғанын білмей, ауруханаға кеш жеткізілген. Нәтижесінде дәрігерлер баланы аман алып қалудың бар амалын жасағанымен оны құтқару мүмкін болмады.

Сонымен қатар, аймақта 1000-ға тарта тұрғынды кене шағып, ауруханаға жүгінген. Оның ішінде 48 азаматтан аталған ауру белгілері байқалып, сынама алынған. Ал аса қауіпті дерт 9 адамнан анықталды. Аты жаман ауру бойынша күдікке ілінген азаматтар 14 күн бойы медициналық бақылауда болды.

Бахтыораз Елемесов, ТО СЭБД басшысының орынбасары: “Жыл басынан бері облыста кене шағу жағдайымен 985 адам медициналық ұйымға жүгінген. Өкінішке орай, Сауран ауданында 1 жасөспірім қайтыс болды. Жалпы Сауран ауданында  – 2 жағдай, Ордабасы, Отырар, Төлеби, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласында 1 жағдай тіркелген”.