Қонақжай студиямыздың бүгінгі қонағы – «Сәт» тобының мүшелері Сапарбай Алтыбай мен Азат Әбілтай.

011

– Студиямызға қош келдіңіздер! Сіздер бірнеше жыл бұрын көптеген жаңа әндерді орындап, бейнебаян түсіріп, жарқ еттіңіздер де біраз уақытқа көрінбей қалдыңыздар. Тыңдарманның есінде «Сәт» тобының мүшелері бала кейпінде қалды. Енді, міне, ер жетіп, қайта сахнаға шығып жүрсіздер. Неге көрінбей кеттіңізде? Қайда жүрсіздер?

– Қазір Сарыағаштағы Арыстанбаб атындағы көпсалалы колледжге түсіп, музыка мамандығы бойынша білім алып жатырмыз. Өйткені, болашақта өмірімізді өнермен байланыстырғымыз келеді. Сол үшін кәсіби білім алуымыз керек. Сондықтан қазір уақытымыздың көбі оқумен өтеді. Оның үстіне өтпелі кезеңде біраз ән айтуды да тоқтата тұрдық. Дауыстың өзгеруі мүмкін деген сияқты. Қазір даусымыз қойылған. Бізді енді жоғалтып алмайсыздар. Біз әлі тыңдармандарымызды жаңа әндерімізбен қуантамыз деп уәде береміз.

– Сіздер биыл бесінші рет шығармашылық кештеріңізді өткіздіңіздер. Тіпті сахна айдынында 20-30 жыл жүрген майталман өнер иелері де жеке кешін өткізуге келгенде қиналып жатады. Қаржылық мәселе, әр кешті жаңа әндермен толықтыру деген сияқты. Ал сіздер аз ғана уақыттың ішінде халықтың алдында жеке кештеріңізді өткіздіңіздер. Қиын емес пе?

– Әрине қиындықтар болады. Бірақ біз үшін кішкентай сахна болсын немесе Республика сарайы болсын, еш айырмашылығы жоқ. Өйткені біз үшін сахна – киелі. Қайда болсақ та бір әніміз тыңдарманның көңілінен шығып жатса, сол қуаныш. Оның үстіне, қайда барсақ та бізді еркеше ықыласпен қабылдайды. Тыңдармандарымыз аз деп те айта алмаймыз. Бұл бізді, әрине, қуантады, шабыттандырады, алға жетелейді. Сондықтан қиын деп, қарап отыра алмаймыз.

– Жақында ғана Шымкенттегі Халықтар достығы үйінде өткен шығармашылық кештеріңізде фонограммамен ән айтып, жұлдыз болып жүргендерге үлгі көрсеттіңіздер, жанды дауыста ән шырқадыңыздар….

– Ия, бұл  шығармашылық кешімізге жақсылап дайындалдық. Бір ерекшелігі – әндеріміздің дені жаңа. Сондықтан барлығын жанды дауыста орындадық. Бұл ісіміз көпке үлгі болады деген ойымыз бар. Өйткені әрбір әншімін деп айтуға ұялмайтын өнер иесі жанды дауыста ән шырқай білуі тиіс. Сонда ғана нағыз таланттылар іріктеліп шығады. Ал кешімізге келгендер өте көп болды. Бізді тыңдайтын тыңдармандарымыз, әнімізді іздейтін сұраушыларымыздың бар екені бізді қатты қуантты.

– Көптеген әншілер шығармашылық кешін өткізгенде өзге де танымал өнер иелерін шақырады. Тыңдармандар көбірек келсін деген оймен…

– Жоқ, біздің ондай ойымыз жоқ. Мүмкін, болашақта шақыратын шығармыз. Бірақ, біздің 60-қа жуық әніміз бар. Халық әлі естіп, білмеген туындыларымыз да жетерлік. Соларды концертімізде айтып, тыңдарманға жеткізуге тырыстық.

– Тойға шығасыздар ма?

– Ия, бізді тойға жиі шақырады. Қуана-қуана барып, әнімізді шырқап қайтамыз.

– Сапарбай, бұған дейін сіздің өлең айтудан бөлек домбыра тартатын өнеріңізді тамашалап, тәнті болдық. Енді сіздер көрермендерді қандай қырларыңызбен қуантпақсыздар?

– «Жігітке сегіз өнер де аз» дейді емес пе халқымыз? Сапарбай «Ямаха» аспабында ойнай алады. Алдағы концерттерімізде сол аспапта ойнап, тыңдарманға өнерін паш етеді. Мен одан қалыспайын деп, гитарада ойнауды үйреніп жүрмін. Тағы бір жаңалығымыз, біз енді бір бағытта ғана емес, басқа стильде де бағымызды сынап көреміз. Терме айтып, рэп оқимыз. Патриоттық әндеріміз де бар.

– Ендеше, сұхбаттарыңызға рахмет! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз! Әндеріңіз ел аузында жүріп, жаңа дүниелеріңізбен қуанта беріңіздер!

Сұхбаттасқан – Махаббат Әбдешова