«Біз жұлдыз болып жанамыз» атты шығармашылық кеш өтті

113

Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін тұрғындар арасында «Біз жұлдыз болып жанамыз» атты шығармашылық кеш өтті. Онда өмірге деген құштарлығы өзгеге үлгі болып жүрген ерекше жандар өнер көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленді. 1 айға созылған жарысқа әлемдік сайыстарға қатысып топ жарған спортшылар да бақ сынады.

Бұл блюз-джайф бағытында би билеп жатқан өнерпаз еуропада өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы әлем кубогының 2 дүркін қола жүлдегері. Одан бөлек 18 жасар Асқат Ахмеджан Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанған. Жігері мұқалмаған бала әлі алда талай белестерді бағындыруға дайын.

Асқат Ахмеджан, №19 мүгедектерге арналған спорт мектебінің спортшысы: «Осы спорт түрімен 13 жасымнан бастап айналысып келемін. Шымкенттің атынан жарыстарға Славакияға, Америкаға бардық. Дарья Амангелдина деген тренерім болды. Сол келіп мені спортқа тартты. Содан бастап спортқа қызыға бастадым. Кейін осындай жетістікке жеттім».

Керемет іс-шараға өз көрмесін алып келген жас жұбайлар моншақтан түрлі зат тоқумен айналысады. Олар бұл істі осыдан 2 жыл бұрын ғаламтор желісінен көріп бастаған екен. Қазіргі таңда өнерлі отбасы мүшелерінің жасаған дүниелеріне қызығушылық танытып жатқандар көп көрінеді.

Жанеля Тұрсынбекова, қолөнер шебері: «Мұның технологиясы биссерден ғой. Басында хобби ретінде бастағанбыз. Әлі де сол хоббиіміз жұбайым екеуміздің. Бос уақытымызда айналысамыз, осылай тың дүниелер шықты.  Интернеттен қарап жүрдік. Кейін осы істеп айналысуға бел байладық. Күйеуімнің қолдауы көп болды. Сөйтіп бір-бірімізді қолдап жүріп, осындай көрмелерге шыға бастадық».

Қаламызда ұйымдастырылған «Біз жұлдыз болып жанамыз» іс-шарасы 1 айға созылды. Осы аралықта шахмат, өнер, спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізілді. Онда 250 тарта ерекше қамқорлықты қажет ететін қала тұрғындары белсене қатысты.

Талғат Сәлін, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы: «Бүгінгі жобамыз ерекше жандарға арналған. Үлкен жоба іскер асып жатыр. Бұл шара 1 айға созылды. Осы аралықта өмірге құштар жандар арасында спорттық жарыстар болды. Бұл жобаның мақсаты өмірге құштар жандарды қоғамға қосу мақсатында өткізіліп отыр».

Ерекше қамқорлықты қажет ететін жандар Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмаған. «Біз жұлдыз болып жанамыздың» қорытынды кешінде өнерлі жастар ән мен биден шашу шашты. Ал шара соңында сайысқа белсене атсалысып, жүлделі орындарға ие болған жандарға арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.